Жапырағын жел жұлқып ала қашса,
Мұң шағады ақ қайың қара ағашқа.
Мұңын шақты бір жігіт маған да кеп,
шешем айтты:
– Қой, балам, араласпа –
кім кінәсіз, білмейсің, кім кінәлі,
бейтаныс жер – сайы көп шұңғымалы,
түсіп кетіп жүрерсің?
Ал, қара ағаш
әлденеге бас шайқап қынжылады.
әлденеге қынжылам мен де өкініп,
мен үшін шын көп нәрсе,
елге – өтірік.
Бір қымбатын жоғалтқан жігітке айттым:
«Мүмкін емес тоналмау желде тұрып!»
Жапырағын жел жұлқып ала қашса
мұң шағады ақ қайың қара ағашқа.
Мұңын шақты бір жігіт,
бір атаның
баласы едік, сондықтан жұбатамын:
– Батылдығың, дедім мен, бар қырсығың,
онымен де қоймадың – алғырсыдың,
сөйлеп нең бар Құдайдың құдасына,
енді, дедім, емің жоқ, шыда, шыда!»
– Мезгіл, деді ол, беретін кещеге де ес!
– Ештеңе емес, дедім мен, ештеңе емес!
Қайың айтты:
– Жау мұндай кескілемес.
– Ескі кеңес, дедім мен, ескі кеңес.
Жігіт айтты:
– Ойнау ғой тағы бұқпақ?
Мен, мен айттым:
– Жағып бақ, жағынып бақ!
Шешем басын шайқады,
шай-табағы
түсіп кетті қолынан – байқамады:
– Жел тисе қайың, терек, тиді еменге,
шүкірлік ет өзіңе тимегенге.
Тек, ақ қайың мұңды әнін айтады әлі,
Жел де ызыңдап сол әнді қайталады.
Қара ағаштың төгілді жапырағы –
ол да басын қозғап ед шайқағалы.
Бір қалыпқа түсірді анам мені,
өрекпуді доғардым содан бері.
Қынжылу да, жоқ менде, таңдану да –
тас-мүсін боп отырмын алдарыңда.
Ақтарылма, дедім мен, ақтарылма,
кесір етпе тоқ тірлік, тоқ қарынға.
Қазір, қазір...
Хақым бар мақтануға:
жоғалтпадым ештеңе,
таппадым да.

1983