Қара ат міндім бір түні – меңсіз қара, қап-қара,
Қаралығы түннің де жұғардай ед мақтаға.
Қара ат міндім бір түні – меңсіз қара, қап-қара,
тек көңіл ақ,
жолым ақ –
үмітім ақ,
арман ақ.
Түнгі аспанның бұлттары жыртық-жыртық,
кіл жыртық,
Сол жыртықта жұлдыздар жылт-жылт
етіп жүрді үркіп.
Жылт-жылт етті әлемге жұлдыз-ұшқын түрткі сап,
қараңғы үйде дыбыссыз шылым шеккен жұрт құсап
жыпырлайды аспан жоқ – қарала көл, қарала,
көл дегенім кенеттен көшіп-аунап барады, ә?
Бұ қалай деп таңданып, қарайды екем, бұ қалай
қара көлдің бұлт құсап аунағаны ұнамай.
Кім, әй, қаққан кеудемді жұдырығын балға ғып? –
ойлайды екем түк ұқпай,
қарайды екем таң қалып.
Емес, рас, жақсы ырым қара ат міну, қап-қара,
қаралығы түннің де жұғар болса мақтаға,
кім қырсыққа айналды-ау деп қалып ем абдырап,
түнек ойға түнде де бара алмадым;
ал, бірақ
Мақта қайда?
Мақта – жоқ,
қара түнде қақпа жоқ;
бір қарасам түн де жоқ,
түндей қара ат та жоқ.
Қой, қой, достым, қоя тұр, әлдекімге мәлімдеп,
обалымды көтерме қара бояу қалың деп.
Міне, саған бір кеңес:
қара ат та емес,
түн де емес,
томаға көз қыз екен – тұйық мінез, үндемес,
қара ат та жоқ, түн де жоқ,
тұңғиығы бақыттың:
сенің қара көзіңе шым батыппын, батыппын!
Қара ағаштай әр жерге қадау өскен бір-бір түп
сенің қара кірпігің – тәкәппарлық білдіртіп,
қорлап бітті күні-түн,
менің жұлдызды үмітім
Қара көлдің бетінде жылт-жылт етіп жүрді үркіп.
Әлдеқайдан кенет сен «Алла» нұрын шарпып ап,
маған қарап күлдің-ау, күлдің-ау бір жарқырап!
Сонда дүние кенеттен жайнап кетті боп әппақ
ақша бұлттар отырды ақ шыңдарға қонақтап,
ақ жел есті ақ көлдің аржағынан далақтап,
аспан кенет ағарды;
сай, жыра әппақ оң жақта,
мұнар жатты сол жақта ақ –
Сен, сен тағы секірдің ақ лақ құсап шолжақтап;
қап-қара екен көңілің – ағартам деп мен мақтап,
ақ боз мініп, ақ кидім Қызыр қартша қалбақтап –
көрмей өттің!
Көзіңді алды-ау әппақ шел қаптап?!
Содан бастап қақтың сен ақ жыландай қайқалаң,
ал, мен қара түн кештім,
қара ат міндім қайтадан.
Арманым – ақ жұмыртқа менің бірақ шайқаған,
шайқалам да түнімен,
таңға жуық жай табам.
Өтіп барады осымен мысық-мезгіл май-табан...
Ағар, қарай, Күн мен Түн,
О, қайталан, қайталан!
1983