Қай күні еді,
әйтеуір бір кешқұрым
естідім мен маңырағанын ешкінің.
Қала жұрты – ешкі ұстамас – есті кіл,
ешкі даусын шалмап еді құлағым:
Елең еттім,
келді сол сәт жылағым:
жанын жеген ешкінің
секілденді көне дерт пен ескі мұң
жоғалтқанда оянатын лағын?!
Жалғыздық па жан шөлі,
Даусында ескі бір мұң бар –
бүйтіп маңыра-маушы еді
оқымысты тұрғындар.
Бәріміздің сонау байтақ даладан
шыққанымыз күмәнсіз.
Мынау үлкен қалада, ал,
Шығады екен ешкінің де үні әлсіз,
аянышты, шын әрі,
әрі сонша жалғызсырап шығады.
Қарсы көрші кір жаятын аулаға
жаятұғын болғаны ма енді ешкі?
Сыртым – салқын,
көрінгенмен мінезі тым жайлы аға,
басты шұлғып басқым келсе де айлаға,
көкейімде көп-көп сұрақ белдесті.
Сол сұрақтар мазалады көп мені –
әуелі есер шығар деп ем өтпелі,
бір аяныш, бір мұңмен
ешкіні естен шығара алмай жүрдім мен,
дауысы да құлағымнан кетпеді.
Ал, дәл кеше кешқұрым
көрші сойып ешкіні
бізді дәмге шақырды деп естідім.
Мен – даланың ұлы едім,
маңырау түгіл,
боздауды да естігем.
Бірақ күткен емес еді жүрегім
мұнша зарды ешкіден.
Талай малдың бауыздалғанын көрген ем,
қан исінен бұқа өкіріп, ат үркіп;
ешкі түгіл түйе сойған елден ем –
бақыртып.
Бытырлатып қолқа тамыр-ларымды
өтпес пышақ – кесті мұң:
кешқұрым
етін жеуге ешкінің
бара алмадым әлгі үйге.
Ет жемеген Толстойлар, Гандилер
көрінуші ед көмескі...
Дәл сол ешкі, сол ешкі,
жауаптары тумаған
сұрақ болып мың надан,
күнә істеген күнім құсап бір қаран,
содан бері маза бермей күні-түн,
бұрқыратып түбітін
маңырап еріп жүр маған...
1983