Таза ауаға шығып тұрған жөн деді,
не болмаса желдету жөн бөлмені.
Көше ауасы – бұлдыр ауа, деп еді:
деміңді алсаң түтін исі келеді.
Медеу жақтан тасымасам дорбамен,
таза ауаны қайдан табам сонда мен.
Аула ауасы тіпті нашар – тар, ысты,
балалар да жақ-жақ болып жарысты,
кейде доп та қуады олар шаң түтіп.
Алатау тұр қоңыр самал аңқытып,
самал, әттең, өтед басқа көшемен –
арғы көшеге өтіп едім кеше мен,
көкірегім кеңігендей болды ептеп.
Біздің көше...
арақ тасып шөлмектеп,
екі-үш жігіт шылым шегіп тұр анда, –
әйтеуір бір жығыларын тыраңдап
білмейді ғой бүгінше сау қасқалар:
газ-түтін бар, шылымы бар, басқа бар,
денсаулықты құртам десең – көп амал.
Жүрегіңді кислородқа орап ал,
жарығың, дос, біткен шақта бәрібір,
бәрібір ғой таусылса егер жарығың –
тап осылай ойлаушы едім мен кеше,
ол ойымнан қайттым бүгін,
ендеше
себеп керек өлу үшін еңіреп,
өлмеу үшін көмек керек көбірек:
сустак ішіп, сылқытып су жұтамын,
сонсоң тілге тиек-дәлел тұтамын
академик Амосовтың кітабын.
Таза ауаға шығып тұрған жөн деді,
тым болмаса желдету жөн бөлмені –
доктор айтты –
шықтың демін, шөптің исін ұрттап
ертеңді-кеш жүріп бақ!
Жүрем рас.
Сәл үйрендім күтімге,
жүйке-жанның көп жыртығын бүтіндеп
жүргендеймін.
Мынау үлкен астана,
астанада жапырақ өсті тасқа да.
Тасты кезіп ауа жұтам,
сол ауа
таза ауа ма,
газ бен у ма, басқа ма –
бәрібір-ау
химияны аз ұғатын кісіге,
түбі әйтеуір жазылатын кісіге...
1983