Қанша арғымақ мінсең-дағы қаны ысты,
аспан – биік,
көкжиек тым алыс-ты.
Аңқау әрі самарқау-ды дала тым:
құс та асықпай қағатұғын қанатын,
ит те сирек үруші еді,
далада
әйелдер де сирек ашу-лана-тын.
Сонда-дағы шаруа бітіп,
күллі ауыл
пешке керіп кептіретін шұлғауын.
Шалап ішсе біреу ері жоқ үйден
соның өзі сөз болатын бір қауым.
Араздық жоқ,
кедей еді ел былай да,
қарғыс айтар-да ғана
ел есіне түсетұғын Құдай да.
Бір қызыл Күн,
бір тамағың,
бір Құдай –
жалқаулыққа жайлы еді ғой, шіркін-ай!
Ал, қалада?
Машиналар тормоз беред шырқырай,
күні-түні бір аттаныс, аттаныс:
лек-лек адам,
қорап-қорап автобус.
әлдебіреу жанап кетсе жаныңды,
пы-шыр етіп тұтанасың шырпыдай,
машинаның газ бен уы тұр борап!
Күкірт-басты, ұшқын күткен жан бәрі,
дайын тұрған тұтанғалы, жанғалы
пешке қойған шырпы сын-ды бір қорап.
Көңіл жетпей,
уақыт жетпей, асығыс
түседі де жүреді ылғи басыңа іс.
Жаяу – жортып, автобустар ағады,–
Сонда-дағы біткен ісің шамалы.
Сен біреудің мыжып кетсең аяғын,
біреу сені бақайыңнан қағады.
Бір жағыңнан жұмыс қысса, батса уайым –
түсінікке сүрінесің түрлі түс,
ұғымдарға қақтығасың сәт сайын.
Бір қақтығыс, бір қарбалас,
қанша адам
кештіғұрым ширығысқан, шаршаған,
түсіп келе жатады автобус-тардан,
кіржің-керіс,
ыстық деммен ысталған,
бір-бір ғұмыр бір-бір күнге қысқарған
қақтығысып подъездерге кіреді.
Бірі – орнын,
бірі – еңбегін,
бірі – ебін
Санаған жұрт сабылысып жүреді:
біреуінің ауырады жүйкесі,
біреуінің – жүрегі.
Бірақ тым тар тірлік емес бұл өзі –
кең болсын тек әйеліңнің мінезі!
Будырап – бақ, бұла болып қыз да өсті,
бұ қаланың жігіті де ізгі, есті –
мен солардың талайымен жүздестім.
Шағыну – заң шабыты бар кісіге,
ал, әйтпесе, әйтпесе
қағып ұстап отырған жоқ бізді ешкім.
Тілеп алған тірлігіміз бұ тірлік,
әйтеуір біз, шүкір, оқу бітірдік,
баламыз да оқып жатыр, шүкірлік.
Қалай-қалай тез өсті деп аңыра,
даламызды еске аламыз сағына.
Талап қойып,
тәртіп салар не түрлі
қала – біздің өз анамыз секілді,
ауық-ауық жонып қойып жағыңа,
сабағыңды қадағалар тағы да
қала біздің – қатал ана;
Сондықтан
бір сәт болсын, тыю, шектеу-ден шығып,
әдетіміз, аңсағанда кеңшілік
жаутаңдайтын Дала-Әжеге шағына.

1983