Әйел тұрды ең үстіңгі қабатта,
пысық адам,
өзі ерекше талапты-ақ:
шілдеде де қалың киіп қабаттап,
әр күн сайын атқан шақта таң әппақ,
түскенде алғаш әйнекке Күн шуағы
жалт-жұлт қарап подъезден шығады.
«Жұмысы ерте басталатын кісі» – деп,
бір көршімнің күлгені бар кісінеп.
«Шашын қара, деді маған, бір тумам –
желкесіне жете бере қырқылған».
Моншақты да, сонда аңғардым, тағыпты-ақ,
әр тасының қырын жағып қойыпты
күннің қызыл шұғыласына бағыттап.
Сөз моншағын мен де тізіп, тізбектеп
әзіл айттым;
сыңқ етіп күлді әйел:
«Оқығанбыз біз де ептеп».
Рас шығар деп түйдім мен ішімнен,
сәл жымиды ол пейілімен түсінген.
Тисе, деймін, не көмегім, не себім,
қиял деген елес, елес, тек елес.
Жоқ, достарым, қате ойлама,
мен емес
көршілерге көз сүзетін есегің –
мен үйлессем – тек әзілмен үйлесем.
Әлдекімдер келіп жүрді үйге сол:
бәлкім, дедім, әсемдіктің әлегі?!
Әйтеуір бір құдіреті бар еді.
Мен үшін ол шешуі жоқ бір жұмбақ –
көрген сайын күлемін тек ыржыңдап.

Біздің үйдің бейнет кешкен әйелі
ақылға – аздау,
тек мінезге бай еді.
Байлығы сол – төзімді еді о сорлы,
қабағы ашық, –
бұлты жоқ-ты нөсерлі.
Өмір – толқын, қақса көбік-қанатын,
жартас болып қарауыта қалатын.
Сол – көршінің сөзін бірде тындапты,
содан ба екен, толқып келді тым қатты.
Сөзі бөлек,
тәлімі артық басқадан,
сірә, деді ол, жолдастыққа жақсы адам.
Рас болсын, дедім мен де, мәз бола,
жастарыңда айырма бар аз ғана.
Байқа, дедім, тіл-жағыңды ұста нық,
ақыл байғұс жасап жүрер қысқалық?!
Мінім бар-ды,
мен де, әрине, тірі адам,
ептеп жұта-ты-ным бар-ды сырадан.
Жасырардай басқа түк жоқ,
мүлік бар:
ескі-құсқы, одан-бұдан құраған.
Кедейлік те – қылмыс дейді орасан,
дүниеге әйел көзбен қарасаң:
сол әйелмен танысқалы...
ол қасқа
жайлы болмай бара жатты жолдасқа:
ақша жоқта алды қымбат түлкіні ақ,
алтын сырға тақты бір күн жылтырақ.
Сақина бар: тас қондырған не түрлі,
елтірі тон – ердің құны секілді –
әңгімесі, бар арманы боп алды,
қарағаны – аларғаны боп алды, –
әлгі әйелден қарыз алды,
көп алды...
саулығы да бірте-бірте жоғалды.
– Бұл үйде енді үй болардай не қалды,
байқа, дедім, балаларға да обал-ды.
– Тірлігіңді таста, деді, тер төкпе,
қағаз сорған қасқа, деді, еркек пе!
Оқығанның – оқып тапқан, қане, ісі,
тамағынан ауыспаса табысы?!
Құдай болса – ол да ақшаның танысы, –
ақшасы бар кісілердің дауысы...
– Көшеде әркім айта салған сөзге еріп
не бар, дедім, қартайғанда өзгеріп.
Әркімнің өз тынысы – ырыс,
ісі – бақ,
көңлің адал болсын, ішің – ақ.
Біреу киген тон, тұмақтан, теріден
бітті-ау, дедім, сенің арқаң пысынап.
– Керең, деді, жұрттың бәрі жүр естіп,
Көктетпессің тұрмыс құрап, күрес қып.
Қалауыңды қармай алмай ғұмыры,
қалтылда да қағаз жинап тұр өстіп.
Бір қарасаң үйлесімді-ақ көрінген
кер-пиғылды, ұқтым, ұқтым, кер-үннен,
емеуріннен,
сәл боялған еріннен:
– Ері бар ма сол әйелдің? – дедім мен.
– Ойбай, деді ол, ыршып түсіп, – ойнама,
күйеуі – алғыр,
қызметі – қоймада.
Бейбіт күннің бір белгісі – бай елі,
біз білетін бай дегендер – жай еді.
Байлық қайда?
Қолға – қойма болмаса,
базар бағын сынамаса әйелі?!

Арлы азамат!
Алғыр жігіт, ақша тап,
көрші әйелдер жүрсін десең жақсы атап!
Ақшаң жоқ па –
ондалмайды бір ісің,
көзге түрткі тіршілігің құрысын.
Тамағыңнан ауыспайды кірісін,
кірісің сол – тек әйтеуір тірісің.
Бәтіңкің де қисайтады сірісін,
әйелдерге ұнамаса жүрісің!
«Жаудан» гөрі алыстан кеп шабысқан,
жел-сөз қиын орағытқан алыстан.
көрші қиын көк желкеңде отырған,
не жарыңмен дүкендерде танысқан:
күйкілік бар,
күншілдік бар
ыза бар –
әйелді тек – әйел ғана «бұза» алар.
Кейде беті қызарушы ед әйелдің,
ал, кейде тек... еріндері қызарар.
Жүздерінен имандары үзілген
әйелдердің көрдім талай жүзін мен:
қып-қызыл ед тракторшы қыз өңі,
боянбай-ақ қызылмен –
қызыл дүние, бұзып болдың ызыңмен,
әйел көрсек сырға, моншақ тізілген
жиі-жиі қалып жүрміз біз үннен.
Аһ, дегенде – алтын түссе-ау аузыңнан,
Гауһар көктеп жатса-ау, шіркін, ізіңнен!
Арлы азамат, азап ізде,
қорлық тап,–
күні-түні еңбек етіп көр мықтап.
Әйел – әйел,
кінәлама тек оны
алдама да – ақылыңды айт – сенеді.
Сенің сөзің де әсер берер,
көшенің
сөзі бірақ әсерлірек келеді.
Қоғамда әйел ең үстіңгі қабатта,
бірақ жұрттан биік тұру – талап па:
сақинаны, сырғаны да мол тағып,
көзін өртеу көрші әйелді монтаны?
Пайда, нәпсі қарбаласы зор тағы,
дүкендерді шыр айнала жортады.
Көрген шақта пайда құлын арқалы
Қорыққаннан жүрек төмен тартады.
Қоймашыдан қорықпаймын
салқын қан,
гауһардан да қорықпаймын, алтыннан
бірақ әлгі... көрші әйелден қорқамын!..

1983