Ымырт шақ еді,
тып-тыныш көлеңке құсап кірді үйге,
өңмені – бәсең,
өңі – өлі,
қабағы жүдеу кірбиген.
Лапылдап жүрген жігіт ед,
жалынның жалы жығылып,
шүңірек тартқан көзінен көрінді қайғы-мұң ұлып.
– Тағы ма?– дедім шошынып,
– Анау ғой, деді ол, деді – анау,
қарны бар жанның қайғысын сезбейтіндерің жаман-ау.
Содан соң қалды тіл қатпай –
шешуін күткен жұмбақтай,
кезерген ерні-не қарап
қиналды шешем үн қатпай.
– Сезетін не айттың?
– Шықты дау бір шөлмек қана сыра үшін...
Жатыр ем үйде тым-тырыс... аржағы құрсын, құрысын!
Ілтифат жасап жатырмыз дастархан жайып, ас қамдап,
жартылық аштым – сұқбатқа сүйрелеп шығар
баспалдақ.
Шай ішті қонақ,
нан алды – қолдары қандай кәп-кәрі, –
кәп-кәрі қолдар ыдысты ұстамай қойды – татпады.
Қартайып қапты бір түрлі,
намазға құлар кешқұрым
қария құсап іргеге күбірлегенін естідім.
– Балам-ау, деді сонда анам,–
кескінің мынау не кескін,
бақытсыз жанды байытар – Қызырдың үйі емес бұл.
Жабығып келсең жаяулап мінгізер саған жоқ атым.
Басына іс түссе несі елдің осы үйге қарай шабатын?!
Әйелім қуса –
келем деп құрбыңмен уә-де-лесіп пе ең?
– Кетейін онда.
– Жоқ, кетпе,
балалар әлі мектепте...
Дәл осы сәтте жігіттің жары да кірді өшіккен:
– Шықтың ба тағы, жартыбас, шошқаға біткен обалы,
қатынша қақсап жамандап отырасың ба мені әлі?
Сөзіңнің несі бар сенің илана қалар бірден ел,
бар шығар, сірә,
суайт пен сайтаннан жұққан бірдемең?
Қақпағыңды шегелеп, қағып ем ауыр балғамен,
Қалай шықтың табыттан,
мыналарға айтшы, ал, қане!
Аздырып бітіп бір үйді,
оны да санап аз қылық,
сөзімді сөйле деп сотта отырсың жұртты азғырып!
Осы үйге кепсің тағы да,
сызыла қапсың, сызыла
көз сүзерсің де сен,
бәлкім, мына кемпірдің қызына?!
Маған көпсінсе мәңгүрт бір маскүнем байды танымал
қарындасын берер бұ жігіт –
үфит-сүфит деп алып ал!
– Белгілі болды, қарағым,
арақкеш болса белгілі,
өзің ойлашы, осынша күте ме сыйлап ел мұны?
Аузынан иіс шықты деп өз ерін өзі қор тұтып,
тиып алғанды көргем жоқ милициямен қорқытып.
Кемшілік көрген кісіге ұқсамайсың,
мен – қызардым:
тоқтықтан құтырса ұрғашы,
еркегі ішсе – ызадан,
екеуіне де бір зауал берер-ау түбі бұ заман!
Көрер ем сені, келінім, алданыш таппай балаңа аш,
тостағаныңды артқа ұстап көршіге шапсаң жалаңаш...
– Алжыма, апа! – деді әйел,– о заман емес,
бұ заман
ерігіп ішсе ел арақты,
деп пе едің со да ызадан?!
– Жалғыз сиырың мөңіреп пішенсіз тұрса қорада,
божырап ұйықтар пеш болмаса отын – сор о да.
Торып бір жүрсе айнала қасқырлар ұлып қараға,
түнімен тізең қақсаса – түсер ең, келін, сабаңа.
Сөйлемес едің сансырап көрсең сен тұрмыс жәбірін,
білер ең сонда, сен шырақ, асыраушының қадірін!
Соғыссыз өткен әр күнің – олжа ғой, қарғам,
сен оны
қолдан жасалған құқаймен қопарып салғың келеді!
– ...Мен – жігіт іздеп жүргем жоқ...
– Іздесе еді ызадан!
– Шақ келтірмеңіз Сіз оған,
тек мына жауыз зәр ішсе – қыз алам, дейді, қыз алам!
– Қалжыңы болар қайтесің, – кемиектене
күлді анам, –
әзілдеп болса да өз басын бұлдаған шығар –
бұл да адам.
Сыйлай ма кісі теңізді толқыны жарға ұрмаған,
толқып бір кеткен кезінде қайратын көрсет-кені де,
сен соған рас илансаң – қосыла алмапсың теңіңе! –
Кемпір – қызарды,
жігіт – сұлқ,
түсіне алмадым мен түкке,
– Иә, иә, – деді келіншек, ауруы бардай ентікпе.
Онсыз да солғын жігіттің бозарып кетті түр-өңі,
таңғы бұлттай нұры ойнап әйелдің кірді іреңі.
– Ақылсыздықтан, қарағым, өлетін болса жұрт егер..
– Аяқ болса ғой, жексұрын желкесінен бір тебер...
– Теңіңді тап-пап-сың десем,
менен көп мақтау-ды күтпе,
күйеуге шығып нең бар ед өзіңнен артық жігітке!
Жақсы болсаң жаныңнан шығармай ұста бір адым,
өз мініңді өзің мойындап
күлкі болғанша, шырағым.
Ұнамаған соң, ал, балам, қалайын саған да ұнамай,
неңе мәз болып ішесің – жарыңның түрі мынадай!
Мұнай төгілген су құсап кілкірді әйел түрі тым,
көбелектей үйіріп шығарды үйден жігітін.
Ескертті шешем:
араласпа, жолдастықтың да орны бар,
мұндай әйел жігіттің жігітін де қор қылар! –
Біздің үйге содан соң бас сұқпады жолдасым.
– Қайда адалдық жолдасқа,
Әйелі арам болғасын.
Кім кепіл:
жолдасаралық
жол өстіп бір күн тозбасқа!
Жолдасым – жуас жігіт ед,
маскүнем болса – сөз басқа,
мекіреніп иіскер қозысын
тұсақ-қой сын-ды боз-қасқа,
бала-жан еді – жазығы;
өткірлеу еді әзілі,
көңілшек еді – соры осы:
көкбет әйелден көрсең,
көңілшектіктен көресің!
Ойландым мен де: үй болып үйлесе алмаған жан баста,
бір шикілік табылып,
дауласса – кетер болмасқа.
Кесе, шәйнегі салдырап,
кенеуі кеткен үй – қайғы;
жә, әлгі пысық келіншек «қуырып» жүріп бидай ғып,
түрмеге қиған күйеуін
басқа қыздарға қимайды,
махаббат емес – менмендік.
...Түсініспеген тұрмыстың
осындай бәрі – арты дау;
ал, қате түсінген-нен де
түк түсінбеген артық-ау?!

1983