Қасиет деп түсінетін бір ұлы
біздің ауыл кәдімгі ағаш күбіні.
Отқа жағып құртқашаштың түбірін
сол күбіні ыстайтұғын,
ғұмыры
күбі күткен келіндерін мақтан ғып
талай қария о дүниеге аттанды.
Күбі бабы ат бабынан күшті еді:
сәл қисықтау болу керек піспегі,
құрсауы көп болу керек неғұрлым.
Бие сүтін құйған шақта көгілдір
сыртқа дымқыл теппеу керек,
тек сонда
дуалылар келген сексен, тоқсанға
күбі иесін мақтап бата бере алар,
аңыздағы Қызыр қартқа бара-бар
жарылқап бір тастайды да әлгі үйді,
ет піскенше ұртын сорып қалғиды.
Ылғи әйел – қауым болған жылдары,
жалғыз сиыр – сауын болған жылдары,
төл болғанда ешкінің де бір лағы,
көл болғанда шалшық сулар құмдағы,
қара шалдар қайғы айтқанда кешқұрым,
мен кешқұрым талай сырлар естідім:
кетісетін қарттар әнтек жылысып
әлдекімнің қаңсып жатса күбісі,
түңілісті: қайтқан-ау деп ырысы,
күбіністі: оңбайды-ау деп түбі ісі.
Күбі қаңсу – жоқтық шығар?
Жоқ, оған
кедейлік деп қарамайтын көп адам.
Ас шықпаса мейлі қазан, табадан,
бас шықпаса мейлі дейтін жағадан,
қыздар аман болмаса да күнәдан –
болсын дейтін күбілердің түбі аман.
О, сәттілік, несібе-ырыс белгісі,
босағаның – беріктіктің белгісі,
шаңырақтың – биіктіктің белгісі!
Береке алса күбілердің түбі шын,
содан толса менің көңіл-ыдысым,
тағы да оңға басар деймін бір ісім:
түнде әкеліп Алматыға кәрі әжем
пісіп жүрді жеті құрсау күбісін...
1983