Құйды нөсер,
су бұрқырап аққан-ды,
топан-толқын көбік атып мақтанды.
Арықтардың бүйірі
жыртық-тесік боп қалды;
көбіктер де күмпір-бөсіп боп қалды...

Бітті нөсер,
бұлт алысқа аттанды,
бұлақ біраз жырын айтты жаттанды.
Лай қалды үрке аққан бу орнында,
ойпаң жерде ойдым-ойдым қақ қалды.
Көбіктердің үркіп тұрған жанары
Сөніп қапты, толқын қайда жаңағы?

...Бірер күн өтті,
ауада сыз бар әлі.
Тек қақ суы қалып қойған іркіліп
бірте-бірте сасып-шіріп барады.
Мағынасы жоқ сөз-ау деме мұны түк:
енді қайтып толқудан жоқ үміті
қақтың суы қаңсып кетті,
әу баста
көк тасқыннан бөлінгенін ұмытып.
Сен де бұрқап басталып ең әу баста,
исің шыға бастапты әлден,
дауласпа:
ақылы жоқ айла шіріп кетеді,
ағысы жоқ ой да шіріп кетеді.

1983