Жылауықтау даусы бар – жақсы ешкі еді ақ ешкі,
бір жаманы: ақ ешкі капустаға әуес-ті.
Капуста – орысша аты ғой,
не деуші еді қазақша?
Не десе де базарда капуста емес аз ақша.
Қай тілге де ақ ешкі онша жетік емес-ті,
«мә-һә!» дегені, жалғыз «сөз», –
жаргон еді ең ескі.
Ақша деген немене – ұқпайды ешкі ақымақ, –
капустаны көргенмен,
жеген емес сатып ап:
иесінің ниетін пайда табуды аңсаған
түсінбесе
ешкінің кещелігі дәл содан.
Маңырайды ешкі:
іздесе табар еді ол азық та,
байламаса – аулада ит байлайтын қазыққа.
Капуста да аулада,
түйнек-түйнек боп өсіп
жатқан сын-ды байлаулы нәпсілермен егесіп.
Аула иесі – базаршыл, сауда-үміті зор қасқа,
ақ ешкіні күтеді,
капустасын қорғаштап.
«Ит – қорыған жерге өш» пе, өшігеді ақ ешкі,
капуста да өшікті – өсті, өсті, тағы өсті:
еріндері түріліп ертеңгіде, кешкіде
қарайтұғын секілді кекесінмен ешкіге.
О да ешкіге көзімен тиісетін секілді,
түйнегінен босанса – сүйісетін секілді.
Кешкіде ешкі байланған қазықты құр қарғайды,
қарғау да-дерт,
сол дерттен капуста ептеп сарғайды.
Қазығынан ұмтылып, –
айтпаса да ашық түк, –
ешкіні де жынды етті капустаға ғашықтық:
қарамайды пішенге,
пысқырмайды көк шөпке –
талғам бітті осылай ешкі деген шек-шекке.
Базаршының бағында піскен түйін тұрар ма –
базарға өтті капуста – махаббат боп бір арба.
Соңғы мәрте тым құрса қалмады бір асап та:
дәл сол күні ақ ешкі сойылады қасапқа.
Құлағымда даусы тұр – қайран ғана ақ ешкі...
ақ ешкі жоқ,
капуста тағы егілді, тағы өсті!
1983