Бұлт жауа ма,
Япыр-ау, Күн шыға ма –
демала да алмайсың, тұншыға да.
Не мұң емес,
күлкі емес,
көк мылжыңның
сөзі құсап, сұр бұта, былшырама!
Мұндай был-шырақ-тыққа кім шыдаған,
бір шыдаса – шырқау ақ Шың шыдаған.
Қанша жел боп соқсаң да,
айналадан
селт еткенді көрмеген, қайран ағам,
сен шыдарсың шыдасаң?
Бірақ маған
қабақ керек тым құрса ұнатпаған,
көздер керек мені атып шатынаған,
ал әйтпесе үп-түнсіз жатып алам.
Түкіріп пе ек осы біз былтыр оған –
бұлақ та жоқ көгала бұрқыраған.
Бұлт қана бар,
жаңбыр жоқ,
жапырақ су,
содан тастың шекесі жылтыраған.
Кие алмайсың шаңқан ақ нақұрыс боп,
шыға алмайсың немесе шатыр ұстап:
шуақ та жоқ,
тұман жоқ,
қара мына
салбыраған аспанның қабағына.
Құрығанда жел тұрса
ала-құла
ұқсаушы еді көшкен бұлт жабағыға.
Жабағы емес,
Бұлт – киіз,
тыртаңдаған
өріссіз жел өңмеңдеп жырта алмаған.
Тұрсын десең қазанда үй ызғымай,
тұмшаламас үйді де киіз бұлай.
Демала да алмайсың тұншыға да –
деме, достым, мұндайға кім шыдаған:
шыдамай көр, кейіп көр, ісініп көр,
мықты екенсің, мінездер, кісіліктер!
Рас, тауға өкпе жоқ, далаға – дау,
бірақ, ала-ла-мау жөн, алаламау –
өзің айтшы, ақ аспан:
шыңдар – шың ғой,
неге салқын төбенің қабағы анау?
Салқын қабақ, достар-ай, әй, жаман, ә?
Қырқа алмасаң – қорлама, қайзалама...
Қалың бұлттың ар жағы ашық па екен,
мойның созып қарашы, Найза-қара?!

1983