Ақ пейілді ауыл халқын білсем де,
Жылқышылар сұрамады кімсің деп;
Жалғыз-ақ тек қымыз ішкеніме қарап,
Асау берді,
Жігіт екен, мінсін деп.
Тым адуын жануардан сақтандым,
Алдап тұрып артпақ едім тақымды –
Білмек болып жүрегімнің «орынын»
Шабынан кеп түртті біреу атымның –
Батып кетті-ау!
Атып кетті секіріп,
Әйтеуір басын ұстап қалдым бекініп.
Әзілін сол жаңағы қу жігіттің
Елемеген боп жатырмын өтірік.
Қулар: енді бата алмас деп жүрегі,
Ауыздықтан алды келіп біреуі,
Қолтығымнан сүйемек боп біреуі –
Үш-төртеуі қатар келіп тұр еді;
Мұны көріп тұрған бір шал күдік қып,
бала күнгі намысымды тірілтті,
Зекіп қалды ол: «Мінеді ғой өзі де,
Тәйт, әрі тұр, қорламаңдар жігітті!»
Қайрат болып бітті білем шал сөзі,
Қайтыңқырап қалсам-дағы қанша өзім –
Қарғып міндім...
Күлімсіреп қарт қалды,
Қалды әзілқой жігіттердің тәлкегі.
Кеттім ағып,
Мен деген – мен еместей,
Шұбарытып жатты дала елестей,
Жігіт атану – неткен абырой,
Дегенмен,
Асау міну – қымыз ішу емес қой.
Мен осылай мінгем атқа;
Тартыпты-ау
Сол асауға кездерім де малтыққан...
Кейін ұқтым... қарттың құны не екенін,
Сүйетпеудің не екенін қолтықтан.

1967