Қайыңның шашы сиреп...
күз боп қапты,
тырна келіп аспанға тізбек тақты.
Жалғыз уыс көк шөпті кәрі саулық
қалың ағаш түбінен іздеп тапты.
Жүдеулікті уақыттың белгісі ғып
Жарлы бала суыққа тоңды үсігіп.
Мұңаяды қайыңдар,
қайтеді енді
төбе-шашын берген соң желге ұшырып.
Ірі жапырақ әр жерді сипай аттап,
Үйріледі қоқсыққа қиқалақтап.
Кедейдің айран ұйытар табақшасы
кеуіп қапты,
бола алмай итаяқ та.
Десең әжем тым жиі ауырады,
тұсау есті ол құрықтың бауын алып.
Шешесінің шекпенін киген жас қыз
етегіне сүрініп ауық-ауық.
Көне сурет – күй сазы!
Таста!
Болар!
Жо-жоқ, бәрі бір кезгі бастамалар.
Сен де самай сиресе – өкпелеме,
әдеті ғой мезгілдің шаштан алар.

1967