Қырларындай таспаның – қыры өткір қияқтың,
ала бұлтты аспаның – айран шалап сияқты.
Жалбыр-жалбыр қаңбағың – түрікменнің
бөркіндей,–
жата алмайды бұ жақта топырағың да желпінбей.
Бидай ақтап жатқандай бұрқырайды құм үсті,
сай қуалап ағады ұры-жолдар жымысқы.
Құдығы да терең кіл – мағынасындай өлеңнің,
көз жеткісіз айнала – көлбеп жатқан көлем бір.
Құм-шағылдар үйілген алтын қырман секілді,
Мұнша жылдар сүйіп жел – алқындырған секілді,
бір басылып кеудесі, дем алғандай бір шығып,
Шайырындай бураның боз жусанның бүршігі,
Бүкірейген қу бұта – саусағындай кемпірдің,
Қыр сауыры дөңгелеп – сұр құлынды келтірді,
Жылт-жылт еткен ебелек – жылап аққан су сын-ды, –
...өз тіліңнен жоқ өзге басатұғын сусынды...
О, дариға, осынау қарап тұрып далаға,
тым құрыса, бір минут мұңаймасқа бола ма;
сояулар тұр сап-сары – кәрі тістей ыздиып,
көбелектер жүр ұшып бал орнына тұз жиып.
Тек қана анау төбеге көтеріліп, күш қылып,
бір машина барады «жанын сүйреп», ышқынып,
Қырларындай таспаның жол тіліңді – құйғыды,
суырылды ақ шаңы – кометаның құйрығы.
Бірте-бірте келеді таспа-жолдар көбейіп,
бірте-бірте келеді көкжиек те кеңейіп...
1965