Сан-сан айлар өткен сайын, сан айлар,
ағарады сақалдар мен самайлар.
Адам шіркін қартаюды санайды ар,
айлар, айлар, барады өтіп сан айлар.

Қартсың десе қамығады көп ойлар,
қартсың десе қалғиды орман-тоғайлар.
Айлар, айлар, алға барсаң санай бар,
ағарды екен қанша сақал-самайлар.

Айлар, айлар, өте берші, өте бер,
айлар жүгін күндер енді көтерер.
Бұл әлемде сөнбей тұрса от егер,
менің-дағы қарыздарым өтелер...

Айлар, айлар... көрдім жүзін сан айдың,
Айлар өтсін санамаймын...
Санаймын!
Ай өткенін мен туғалы талай бір
самайына қарап білдім ағайдың...

1963, 1982