Байғұс әжем, бір жыл болды, бір жол болды – көрмедім,
Көрмедім мен бурыл шашты кәрі қолдың өргенін.
Көрмедім мен сиыр айдап, отқа тезек салғанын,
Көлеңкеге құрып қойған ала жолақ өрмегін.
Еркелетсе – ермегі едім, жалғызы едім мен оның,
Әжем үшін жалғыз өзім – бір рулы ел едім,
Сағындым-ау сарғыш тартқан ертегісін, өлеңін.
Біздің жақтан жел ескенде желмен бірге келеді
«Қарашығым, тамағыңды іш, деміңді алшы!»–деген үн.
Дәл осы сәт отыр ма екен, отыр ма екен ине алып,
Жіңішке ине, жіңішке жіп – өткізе алмай қиналып,
Әлде, әлде бір шүйкесін көршідегі тентек ұл
Алып қашып бара ма екен көк шыбыққа «бұйда» ғып?!
Сондай кезде ойлайды ғой, ойлайды ғой мені ылғи,
Сондай кезде қандай екен кәрі әжемде көңіл күй,
Көңіл шіркін! Нұрлы сәуле, әлсін-әлсін тіріліп,
Әлсін-әлсін елес берер, елес берер бір үміт.
Әлсін-әлсін жүгірем деп, қуамын деп үмітін
Көйлегінің етегіне қалды ма екен сүрініп?..
1960, 1982