Салқындап саясында самал-көлдің,
бұла өскен баяғыдан балаң менмін.
Сіміре саумалыңды, бұл жолы да,
Сабылып, сағымды өлке, саған келдім.
Тағы да топырағыңда жаңарды ізім,
Сен десем бал-бұл жайнап жанар жүзім.
Бір пейіл,
бір ықылас – қолда бары,
әкелген базарлығым – сол болады.
...Тікенге балтырымды талатып ем,
ал қазір дала барқыт, дала – кілем.
Кетіп ем сол даладан шыбық мініп,
Оралдым бір талаптың қанатымен.
Сырым бар тереңімде көрінбеген,
жырым бар шебер қолмен өрілмеген.
Әйтеуір біреуімін көп балаңның
өзіңді елім деген, жерім деген!
1960, 1982