Шығыс жақтан келсе-дағы таң күліп,
Шығыс жақта сұрапыл бір шайқас бар:
Ұрды шапақ қара бұлтты қан қылып,
Қызыл гауһар сықылданды жай тастар.

Аспан, суға алтын теңге сал бүркіп –
Неткен дәулет!
Текшелеп тек жия алсақ!
Жетті, міне, жігіт-самал албыртып,
Бойжеткен-гүл бола қалды ұялшақ.

Мезгіл-әже көтерді күн табағын,
Кесті сәуле жапырақты пышақтап.
Құр құмартып тұрды балқып ала гүл
ала қанат көбелекті құшақтап.

Сал сайранды, жел, табиғат, еркесі,
Гүл, өтірік албыратпа бетіңді...
Шөп қалтырап, дір-дір етті жер төсі
Бұдан бұрын жел көрмеген секілді...
 

1960, 1982