Бір есті адам сөйлеп отыр,
бір жаман
түк түсінбей қағады құр ыржалаң.
Есіл сөздер ізсіз-тұзсыз кетулі,
дауыл күні шыққан түтін секілді
мұржадан.
– Тасқа айтсаңшы, ірі адам,
қор еткенше сөздеріңді мынаған.
Тас та сенің әр сөзіңді мән біліп,
тұшына алмас айызыңды қандырып –
бірақ мұндай ауыз емес аңқыған,
тым құрыса, қайтады ғой жаңғырық?!
Дауыс көтерген емессің-ау сен емге
Әлдекімге сөз айтайын дегенде.
Әттең неге төмендеді мұз лықсып,
таудың қары неге түсті төменге?
Шаш қисайып,
қағылған жоқ не кірпік,
Жел болса – өзі-ақ соғады,
керегі жоқ, дедің тағы, еліртіп.
Сыбдыратқан жоқсың жалғыз бұтаны –
сол бұтадан құстар ұшты неге үркіп?
– Түсіну сол: тауға алыстан қарасаң
үміт, тілек бітеді-ау бір кісіге әр,
өсуді адам сондай тұста бастамақ,
жылқы көрсе – жылқы ғой тек кісінер.
Тіл – түк емес,
ұғыспаса қас-қабақ
бірін-бірі ел жалқы-жалғыз тастамақ.
Пісу керек бәріне де,
түкке жарамайды ғой
бас түгілі, шикі болса, асқабақ.
Бір жерде ашық ауыз бар да,
жоқ тілі,
ал, бір жерде сөздің нағыз өткірі!
Соның бәрі біз көретін, көретін
қызықтардың көптігі.
Бір естіні итше жексе он надан,
он наданды қор етсе бір оңбаған –
соның бәрі әділдіктің алдында
тайсақтаса – жетіп жатыр сол маған.
Жалтақтаса ел мылтығы жоқ қолыма
жеңісім деп есептеймін соны да.
Бірақ анау жаман қолда кезенген
мылтық барын сезем, сезем, сезем мен.
Сол мылтықты аттырмайтын бар кісі –
керек емес маған одан арғысы.
Ақ шыңға мұз қатса – қатсын қанша амал!
Айналайын Күн апаттан болса аман,
Медеу-сайда көктем шыға-тыны хақ –
сенем және
үміт етем мен содан...

1983