Торғайлардай кәрі бұтаға бір шірік
ұя салған,
біз де кештік тіршілік.
Болды бізде бір-бір ауру, кәрі ана,
сиыр болды: қызыл, сары, қара ала.
Әр-әр үйдің бар-ды бір-бір сиыры,
сиырдың да орта жүрді бүйірі.
Соған орай көңіліміз де болды орта.
Сонда да біз бала болдық,
жоп-жорта
мәз болушы ек: қарнымызды алдасақ
Саз-балшықтан талқан жасап, нан жасап.
Көпше атандық, отар қойға бара-бар,
бала емес-ау:
атандық біз балалар.
Сиырлар бар балаларды асырар,
балаларды бағатұғын ана бар.
Асау үйрет,
астау жама,
асық ат –
айран десе асығушы ек қасық ап.
Бір-бір үйге бір-бір ана от жақты,
Бір-бір үйді бір-бір сиыр асырап.

Бір баланың әкесі ақсап келді аман,
бір той өтті аулымызда болмаған.
Бір баланың шешесі өлді бір күні,
содан қайтып жамалмады жыртығы.
Әкесі бар бала болды бір бала,
шешесі жоқ бала болды бір бала:
Күміс құсап күлді бірі,
ал, бірақ
тотты бақыр құсап бірі
қабақ ашпай салбырап.
Арамыздан кетіп кейде жарастық,
жарассақ та төбелесіп тарастық:
бірін аяп,
бірін күндеп күн кештік –
әй, балалық, қайран адал білместік!
Бірін дос қып аяладық үздігіп,
бригадирдің баласы деп біз бірін
кекетуші ек,
кекесін сол, кекесін:
жиі-жиі ісіруші ек шекесін.
Бригадир де күні-түні бас қатып,
таппайды екен шапқылаудан басқа түк.
Бірде атынан түсіп келіп тұрды әлгі:
– Қорамыздан қос бау пішен ұрланды!
Қорқып кеттік,
қалды қастық, қыңырлық:
өйткені өткен түні етіп ек бір ұрлық –
бригадирдің ұлына
ескі «жаулық-қастығымыз» сәл үдеп,
Еркін бастап, Идаят бар, Қалыбек
сиырына шешесі өлген баланың
үш арқа шөп ұрлап әкеп салып ек.
Бригадир біліп қапты,
ғажабы:
– Алыпсыңдар,– деді күліп,– аз әлі,
қақсымасын табағы мен қазаны,
жігітсіңдер, асыраңдар сиырын
дос үйінің азалы.
Ұрлықпен бе?
Күліп тұрды ол бірақ,
белдігіне қыстырылған сыңар балақ салбырап,
сол жағына ауған шақта салмағы
сы-қыр етті қолтықтағы балдағы.
Адам кейде босайды екен сасса да,
бір масқара болды, міне, масқара,
әй, қасқалдақ,
осалдық-ай, қасқалдақ –
көзімізден кетті кенет жас парлап!..

1983