Кейде жаның ашиды сол құрғырға
жол-соқпаққа, ғұмыры
қайқаң етіп шыға алмаған бір қырға.
Тұяқ баспас жан иесі оңды аса
торпақтар мен тұсаулылар болмаса.
Соқпақ дедік,
жол деуге де арландық,
топырағын бір тұлпардың тұяғы
жыртпаған соң дал-дал ғып.
Өтіп жатыр байғұс есек-ғұмырлар,
тым құрыса жалғыз сәт
дұрыстап бір шаң көтеруді арман ғып.
Ауызға ұрған мұрт сын-ды,
басып кеткен шөп-шөлкемнен, қоғадан
аршылар деп үміт ойлап мен алаң.
Сені салған қазығынан ұзай алмас соры бар
тұғырлар мен торылар –
ұзап шығар бір мақсаты жоқ адам.
Шидің түбін жарып өтер жоқ әлің,
сылбырлар мен сиырларға обалың!
Қайғы,
қайғы,
қайғы,
қайғы, қайғы анық:
көдені де өтесің сен айналып.
Ашық барып тындырмайтын бір істі
ізісің сен қу мен сұмның жымысқы.
Тұқайының қадіреті тасқа әйгі
жүйріктердің өз жолы бар,
сені аттап та баспайды.
Жаяу соқпақ, бұта айналып,
бытыраған кіл ұры –
біреуің де жол болмайсың ғұмыры!
1983