Біздің дәурен баста ұзақ тұра алмады,
тұра алмады,
жас көңіл айныды ыстық:
бір бүтін ек – екіге айрылыстық,
екі бөліп жеген соң бір алманы.
Тым жақын боп, япырай, кетіп едік,
бір алманы жеп едік екі бөліп.
Қақ бөліндік біз-дағы сол алмадай:
сен жөнелдің мен жаққа қарай-қарай,
мен бір жаңсақ іс еттім абайламай,–
қош! қош!– дедім айқайлап, екіленіп.
Менің әсем тартқаным домбыраны
саған батты.
Сол кештен болды бәрі:
болды біреу мен үшін жарты бақыт.
Әр сөзімнің қылт еткен басын санап,
кірпік – жебе,
иіліп қасың-садақ,
садағыңды отырдың тартып-атып.
Мақұл, бұрым өруді бейнетсінсең,
мен ұнатар көйлекті кимепсің сен –
жұртқа ұнайтын сырғаңды жарқыратып.
Бұ да емес-ау гәп, менше, басқа, басқа...
ондайды, рас, ұят-ау тасқа басса.
Сыр біліскен жақсы деп саналады –
шындық емес,
бұ да елдің жорамалы:
сыртқы жайға жоқ екен алданғысы
бірі-бірінің ішіне қанған кісі.
Піскендіктің белгісі бәрі-бәрі,
сыр да піссе – алмаша жарылады.
Алма жарып...
болдым мен тіске сенер,
жармас ем мен алманы – піспесе егер.

1983