Құмдар – сары,
Күн – қызыл,
Күні қызыл Дыңғызыл,
Жортып келем
көлеңкем
бірде қысқа, бірде ұзын.
Бір шағылдан бір шағыл,
бір шағылдан бір шағыл –
іздеп келем тепеңдеп
Дыңғызылдың бір шалын.
Жолшыбай жөн сұрағам,
былай деді бір адам:
«Құрығы бар белдеуде
қара талдан құраған».
Құмдар – сары,
Күн – қызыл,
Күні қызыл Дыңғызыл.
Уәдесінде тұрса шал
берем деп ед бір қызын.
Тағы да жөн сұрадым,–
біреу айтты: «Шырағым,
Көк иті бар қабаған
кесіп қойған құлағын».
Көк көжекті бақыртып
бүркіт түсіп жатыр тік.
Шіл ұшады пыр етіп –
мен шошимын,
ат – үркіп.
Әлі үркеді-ау, жануар,
әлі үркетін халі бар.
Қашпас шалдың ауылы,
қызы болса – табылар.
Жөн сұрап ем біреуден
шырт түкіріп жіберді ол:
«Екі аты бар еді ғой,
Кеше соның бірі өлген».
Тепең-тепең, тепең көк,
тепеңдеймін жетем деп
Айтса деп ем шал шығып:
«Атың тәуір екен»,– деп.
Шағыл – сары,
Күн – қызыл,
Күні қызыл Дыңғызыл.
Уәдесінде тұрса шал
берем деп ед бір қызын.
Митың-көк ат жортады,
Митың-құмнан қорқамын.
Бір жолшыны тоқтатып
Жөн сұрадым мен тағы:
«Құмның, шырақ, жолы ауыр,
Шығыпты аттың бодауы –
Күн кешкірді...
Кеп-кеше
Қыз ұзатқан ол ауыл».
Кенет ұйып талды бел,
Қызық емес әңгімем;
Қызы нешеу еді деп
сұрадым мен әлгіден.
«Әдеміден әдемі
Жалғыз қызы бар еді,
тауып апты бір сымпыс
Қағаз сорған бәлені».
Жайсыз екен жүрісің,
тепең көк-ау,
бір ісі
оңдалмаған жігіттің
ат мінгені құрысын!
Нағыз ғашық, кім ғашық,–
білгені ғой ұрғашы,
бір кез жүрген ізімді
қалғаны ғой құм басып.
Енді жөн де сұраман
Құдайдан да құдадан.
Көрмейін шал құрығын
Қара талдан құраған.
Қайғым ауыр санадан,
күйік қостым және оған.
Ал көрмедім
шалдың сол
шұнақ итін қабаған.
Жүрек ем мен,
сөкпе, елім,
енді түгел өкпемін:
шалдың аты өлсе,
оған
түк қатысым жоқ менің.
Қайғы жаңа, жаңа мұң –
жаңаруға бар әлім:
қызын ол үй ұзатса,
мен несіне барамын?!
Уәде етті деп шал байғұс,
босқа бұрып болмайды іш.
Шал байғұстың көжегін
іліп кеткен қандай құс?!

Күн де батты қызара,
мен де баттым ызаға.
Ызаланған кісіге
құмның жолы ұзақ, ә?
Құмы – қызыл,
Күн – қызыл,
Қып-қызыл ең, Дыңғызыл.
Көлеңкем де жоқ енді
бірде қысқа, бірде ұзын...

1983