Бала деген ерке екен, ертегі екен,
ертегіше тыңдаймын, еркелетем.
Ертегі үшін мен бейне мықты роман –
мұқабамның өзімен ықтыра алам.
Маймыл сын-ды мазақ боп түкті надан,
«Қызық!» – десе төбеммен тік тұра алам.
Жатыс бөлек болған соң, көрпе бөтен,
Жайлауына қашады бөрте бөкен,
бөрте бөкен – кіші қыз,
Күн көрінген
Зың еткізіп құлағын шерте кетем.
Шып-шып етіп тер шығып пысынаған
мұрнынан ақырын қысып алам.
Тер мөлтілдеп тұрса да гүл шығындай
Мұрны мұздай – күшіктің тұмсығындай.
Мақтап қоям:
«Бес» апсың, дұрыс күнім!»
Қызық көрем сондағы тұр-ұсқынын.
Мен егер де бір жұма уақыт болсам,
бес тентегім – бейне бес жұмыс күнім:
көңілімді көтерсе бірі менің,
шаршатарда – барлығы бірігеді.
Екі күндік демалыс – үлкені екі,
Тұлымдарын бұрайды күлтелетіп,
Ал, кей кезде...
Жалғыз ұл,
Сүйсем-күйсем
Өзім білем, «ауыр күн» – Дүйсембім сол.
Бес бөбегім, бесеуі де асыл маған,
асыл оймен жаңарам, жасылданам.
Бірін сүйсем – масайып қаламын да,
екіншісін иіскеп – басым жазам.
Жеке зерттер әр тастың кескін-қырын
тас астынан, геолог, естілді үнің...
Мен – географ,
Жер шары – үйім, жайым,
бес бөбегім – бесеуі бес құрлығым.
Тегі – топырақ, болса да ұлы атағы,
Бірін-бірі қағады, құлатады:
Африканы жылатса Америка,
Евразия болып мен жұбатамын.
Жел-ауаға айналса егер демім,
бес құрлықтың бір кезде көгергені!
Ал теңіздер,
Мұқиттар шалқып жатқан
махаббатым соларға деген менің!
Біреуі артық,
бірі кем емес еді,
тең ұстадым бесеуін – тең өседі.
Әлдекімдер әр жақта кеңеседі:
тағы да сол соғыс па?
Мұздай суық
Антарктида жақтан бір жел еседі.
Жоқ, іске аспас жаман ой,
Жалғыз ұлым
Шашын сипап қартаяр балдызының.
Бөбектерім ер жетер ертең менің,
Көрмес олар ағаштың өртенгенін,
Құлағанын үйлердің опырылып,
Жылағанын ақсаққа соқыр ұлып.
Еркелесін, қақпашы, еркелесін,
Зая-ақ кетсін уақытым, ерте, кешім.
Ертең деген – ертең ғой, ертегі емес,
бәлкім ертең ешкімге еркелемес?
Құлағынан ертеңнің ертегі өтпес,
бәлкім, ертең ешкім де еркелетпес?!
1981