Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың,
Мен бір саған жаңа ұйқас дайындайын.
Басқа жақсылығым жоқ,
қайғырайын,
Жалғыз тұр деп ақ қайың уайымдайын,
Одан саған не пайда,
Қайың, қайың!
Жел өтінде ыс-пыс боп, ырсыл қағып,
тас қабақта тұл-жалғыз тұрсың нағып?
Жағдайыңды, жел айтты, нашар деп тұр,
жапырағыңды тағы да шашам деп тұр.
Тоғай атты халқыңнан қалай бездің,
Орман деген еліңнен қашан кеттің?
Неге кеттің, япыр-ау, ерен өткір
балта болды ма еліңде керемет бір?
Әлде қуып шығарып тас қабаққа,
Ниет етті ме ел итеріп тастамаққа
Түпсіз сайға тік жардан, құламаған?
Болды ма ісің көпке әлде ұнамаған?
Үндемейді ақ қайың,
тілді көмей
жұтқан сын-ды,
салдырамай, күлдіремей
шытыр-шытыр ұшады жапырағы –
өскендіктің белгісі үлбіремей.
Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың,
аямайын,
тек қана уайымдайын.
Көңіл үшін, ақ қайың, бір тіл қатшы,
сары жапырақ – тіліңді жылтылдатшы!
Жел өтінде ыс-пыс боп, ырсыл қағып,
тас қабақта тұл-жалғыз тұрсың нағып?
Әлде ісің болды ма еркін бірер
әлдекімді сескентер, серпілдірер?
Жағдайыңды жел айтты, нашар деп тұр,
Жапырағыңды жан-жаққа шашам деп тұр.
Жел басынбас еді ғой орманда өссең,
Орманыңнан, айтшы, енді қашан кеттің?
Мен керемет, деп әлде, мен керемет
көзге түсіп қалдың ба елден ерек?
Қайратыңнан хабар ғып, сес ұқтырып
әлде біреуді алдың ба өшіктіріп?
Берілдің бе есерлеу елеске бір?
Бұл тұрысың, әйтеуір, емес тегін.
Неге кеттің, япыр-ау, ерен өткір
балта шықты ма еліңнен керемет бір?
Айтшы маған сырыңды, қайың, қайың,
уайымдасам – түсініп уайымдайын.
Сонда ақ қайың аш белін бір бұрады,
Жапырағының тілімен сыбдырады:
«Уайымдама,
бел қатқан, буын бекіп,
бұтағымды жел ұрса уілдетіп.
Көзге шұқып қайың деп өкпелеткен
орман деген елімнен көпте кеткем.
Бірақ, бірақ қорғайды мені ол әлі,
кей ымыртта бұлт болып көк алалы
жылы жаңбыр төгеді,
жапырағы
Қарғып келіп мойныма оралады.
Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен,
жапырағымды күз ғана шашып-төккен.
Қиып түссе – арман не,
қайзалағыш
бір көк топас балтадан қашып кеткем!
Жүрек толса – жас төгу дайын емі,
бұл тұрғаным – қайғы, рас, уайым елі.
Бәрінен де қауіпті ед өткір балта,
өйткені оның сабы өзім – қайың еді.
Жоқ, көнбеске кеткем жоқ,
Көк-айыл да
болған емен, жолым бар ағайынға.
Орман атты елімде – қайың атым,
топырағым, тамырым – тоғайымда!»

1981