Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып
Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып,
талай жорттым жолсызбен,
айдалада ақ тымық,
барабанын құлақтың тыныштыққа шақтырып,
Тыныштық па?
Бәлкім, үн-дыбыс шығар бұ-дағы,
ауық-ауық жолшының шыңылдаса құлағы?
Сайтан сыбырласқандай қара түнде молдамен,
бір құпия келісім тапқан сын-ды болды әлем.
Түсініксіз құр сыбдыр:
ескі құран парағын
аударғандай әлдекім – елең қағып қарадым.
Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен
талай-талай үйлерге адасқан боп қонған ем.
Құпия үміт жұлдызы!
Армандардың жас, асыл
Нұры болып тасасың!
Жаса, жаса, ақ жұлдыз – ақ тілеулер жасасын,
Қарт әже жоқ,
Жас ит жоқ – қызды ауылдар жасасын!
Біздің дала кең, шіркін,
адаспасқа жоқ амал:
адасқанда басыңа келген ойдың көбі адал,
сыбдыр естіп қияқтан, сыр түю де қоғадан
ссзім, сезім екен ғой сескену де моладан.
Иесіз қыстау, еңкеу жер елес беріп не түрлі,
болады-ау жон-арқаңа кірпі аунаған секілді.
Ақыл қандай сасқалақ,
Көңіл қандай күйгелек –
Сұлы мұрты тізеңе қадалғанда ине боп,
сөлін екті даланың ол да саған, шырқырай
тартысқанда тістесіп мың дию мен бір құдай.
Жас терідей даланы созып алған тәрізді,
дию жеңіп құдайды – өзі қалған тәрізді;
көлеңкелер арбасқан;
салушы еді маған мұң,
айсыздығы түндердің
жайсыздығы ғаламның.
Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен
арулардың аулына адасқан боп қонған ем.
Жалғыз жанған маяктай теңіз кезген кеме үшін
нысана ғып өсіп ем, сенім тұтып сені шын.
Жұлдыздардай көктегі жымың қаққанда толған
қыз,
ат қазықтан адасып,
тоқым төсеп қонғанбыз.
Иісіне жап-жасыл түтінімнің, түндіктің,
сүйгеніме қайтарған сонда мені сен жалғыз!
Босағамның жұлдызы!
Беріктіктің қазығы,
беріктігімнен басқа болған емес жазығым.
Бір қалып жоқ өмірде, ақ жұлдызым, нұр-жүзім,
Көлеңкенің өзі де бірде қысқа, бірде ұзын.
Сонда сенсің маңдайды аудартпаған бағыттан,
О, аппақ ар,
ақ арман – менің биік жұлдызым!
1981