Жазушылар атақ-даңқын қызықтаған шақтары
Сөз етеді жұрттан алған хаттарын.
Досым менің (айтуынша өзінің)
Жүз хат алған бір кітабы туралы.
Ал өз басым, қанша ойласам қиналып,
Ондай хатты алған емен туғалы,
Әдебиет жайлауына қонғалы,
Он бес кітап жазғаным – бар болғаны.
Оқушыдан алған хатым сондағы
Жетпейді екен онға да!

Авторларға бар секілді қыжылы
бір хат алдым алпыс бірінші жылы.
Келесі жыл бір хат келді тағы да:
тимепті онда Қасымның да шамына –
кей жырыма сенбейтінін жазыпты,
кей жолымның шындығына табына.
Сөйтіп, кенет, белгісіз бір күйге ендім,
Кездесердей баяғыда сүйген бір
Сұлуыма, бірақ қолым жетпеген,
өн бойымда толқу туды ептеген,
бірте-бірте оған да мен үйрендім.
Кеңейді жер, биіктеді аспаным,
даусыз кірдім жоспарына баспаның,
Жинағымның тиражы да көбейді,
бірақ хаттың саны бірден аспады.
Көкірекке сенім болып кірді ырғап
жинақ сайын келетұғын бір-бір хат.
Кімдер екен иелері хаттардың?
Қанша ойладым, шешілмеді, бұл жұмбақ.
Кейі – қатал,
Қайсыбірі мылжыңдап
Миды ашытты;
бірақ бәрі сауатты –

Мен де оқсатып қайтарар ем жауапты:
Әттең, кімге? Қайда жазам?
Жанымды құр жеді оймен
келген хаттар Гурьев, Шымкент, Семейден,
Қызылорда, Өскеменнен, Оралдан...
тамырлар боп тарап жүрді маған қан,
Кешірімсіз мейірімнен жаралған,
Жігер берді, ең бастысы, есімде
Қол қойғандар «оқушың» деп,
«досың» деп.
Қара сөз де жасап келем,
ал өлең
Шығып жатты өздігінен,
және мен
үнсіз жаздым, үнсіз жаздым, үнсізбін –
өзімді-өзім уағыздаған жан емен!
Тек жаңағы хаттар ғана үміт боп
дарыды ойға;
Жазғанымды жіліктеп,
берді айырып бар мінімді,
Қысқасы:
Мені маған түсіндірді үгіттеп!

Күні кеше бір хат алдым, мәніне
түсінбедім мына сөздің:
«батылырақ, батылырақ әлі де!»

Ақын біткен атақ-даңқын қызықтаған шақтары
Әдеті екен сөз ететін жұрттан алған хаттарын.
Алты жүз хат... деген кезде бір сабаз
– Азайтшы! – деп айқайлауға шақ қалдым.
Кілтін жұлқып аштым-дағы тартпамның
Келді кенет менің де бір мақтанғым –
аз конвертті әдейілеп қобырата шығардым,
не айтқанын, қара дедім, бұлардың!
Аққу құстың қанатындай көлбеп бір

Сарғыш беттер, сөйтіп, қолдан қолға өтті;
біреу ұзақ басын шайқап тамсана:
Жазған, деді, бейшаралар жан сала,
талғам жатыр, деді бірі, қаншама!
Мақтады әркім, менің көңлім үшін бе –
ақылсыз сөз жоқ екен деп ішінде.
Мен масайрап отыр едім,
бір жігіт
оқыс қатты дауыстады, дүрлігіп
Шықты сөзі:
– Қара, – деді ол, – мынаған:
мына хаттың бәрін жазған бір адам!
Бәсе,– деді екі ұшты ғып,– сезуші ек
Хаттың сырын ақындарға ұнаған.
Шындық! Жалпақ дүниені шарласам –
Сені, сені іздеуші едім әрқашан,
Осы жолы, о асылым аңсаған,
Қас жауымдай қарадым-ау мен саған!..
Қорланғанда қос самайдан тер кетті,
Мақтанам деп өзімді өстіп сорлы еттім,
Әр жылда бір сирек келген хаттардың
Қолтаңбасын салыстырып көрмеппін.
Сол сәт достан сезіктендім (азапты-ақ):
Күлгендей боп көрінді ол да мазақтап;
Әлдеқалай іс еткендей ұятты
Қуыстандым: хаттың бәрін өзіме
Өзім жазған сияқты!
Талай сөздер тіл ұшында іркілді –
ыңғайсыздық сезіндім мен, бір түрлі
аяғандай көрінді жұрт;
батқаны:
бірі кенет әңгімемді мақтады,
бірі нашар балладамды мақтады –
Соның бәрі қорлаған боп етті әсер,
Секемшілдік!
О, Құдайдың атқаны!

Жастау біреу жүрексіне тіл қатты:
– Мұнша жаңа жазған жанға бұл хатты
аз дер ем мен! – деді жігіт;
Өлеңшіл
көптің көңілі ақындарға деген шын
Хатпен өлшенетін сын-ды кәдімгі.
Енді бірі ақын еді жалынды:
– Жай қызықтау емес қой бұл өтпелі,
Сондықтан да бір ақынға көп! – деді.
Пікір тастап бір-бірінің ығына,
Отырды олар бірін-бірі ұғына;
Күмән айтқан өнерімнің өзіне
кей жігіттер, қашан да
табынатын менің адалдығыма:
– Бір ме, он ба, бәрібір ғой, – деді бірі
жұбатып, –
Көп тұғырға қонбайтын құс бұ бақыт,
Оқушым аз деп шағынып жүдемей,
досың үшін жырла, – деді ол, – бірегей!

Көп толғандым сол бір кештен кейін мен
түсінейін деген ниет-пейілмен
Қанша ойласам ұға алмадым мұны аса:
жазғандарым әлдекімге ұнаса,
кейде мықтап мақтаса сол,
Немесе
іреп-мінеп қара жерге теңесе –
онда не тұр? – дер едім мен, бірақ дәл
«дос» детен сөз кетпей қойды құлақтан,
Өшпей қойды көкірегімнен;
О да айқын:
Осы бір сөз ұйықтатпаса талай түн,
достықты аз сезуден бе?
кейде осы
көп жігітті ұйықтатпайды деседі
қастарының бейнесі;
ал, мені ше? Жеді алыстан-тасадан
дос қылығы қамқоршылық жасаған,
қамқорлық та болмас бәлкім?
Біле алман,
Шыға алмадым үміт, сенім, күмәннан.
Тек аталған кештен бері бір түрлі
белгісіз күш сүйреп мені сиқырлы
Одақ жаққа жиі-жиі оралдым,
Жиі-жиі хат сұрайтын боп алдым.
Пісуі өткен қарақаттай үзіле
қарай жүріп бейтаныстар жүзіне,
үйрендім мен әлемді дос санауға,
бар адамға жылы ұшырап қарауға, –
Сен шығарсың, бәлкім, соның біреуі?
Сен де, өйткені, бейтаныссың!
Сен кімсің?
Кім де болсаң қасиетіңді Ел білсін,
ажарыңды – жар білсін,
базарыңды – бар білсін!
Жаныңа сай жігер берсін ұлы арман,
мимен толқып, жүрегімен тұнар жан,
Сен – жалғызсың,
көпсің шулап қол соғар
Ол мың өлең-құмардан!
Мен – сен үшін тары санасам – жалықпан!
Мендегі бар, жараса – ал,
алып қал,
белгісіз дос!
Берік боп қал Анттан
Баяғыдан елеп келгенің үшін,
аруағым боп жебеп келгенің үшін
есең қайтар Уақыт пен Халықтан!

1980