Бұлтқа кірді байқатпай Ай жылыстап.
Қарт сөйледі тағы бір қайғыны ұстап:
тірлік етіп қалт-құлт боп жүрсің, міне, –
деді қария терең бір күрсінді де, 
– бұл қалада құрдасым көп-ті менің,
әлі де олар аз емес деп білемін,
Құрбы адам көп қалада маған әлі,
бірақ одан досым көп моладағы;
Кәрі достар-берік қой,
бірақ, бірақ
берігірек өлі дос, тұрақтырақ.
Мола жұрты көп бүгін кешегіден,
Өсті, әрине, ол қаланың есебінен:
ақ мәрмәр тас, ай-құлпы араласып,
арғы қоңыр қабақтан барады асып.
Жастар аман, болсын тек, жастар аман
Көлденеңнен, қазадан, масқарадан
(Қарияның аузынан жұлып алып
дұрыс тілек деп кесті мұны халық) –
Тірлік етіп кемді-күн жүрсің, міне, –
деді қария, тағы бір күрсінді де.
Тіршіліктің жарығы дір-дір етіп
қарттың шашын сыйпайды үлбіретіп,
Үзілуге шақ тұрған өмірі оның
Қайғыртатын секілді төңірегін.
Жүрек-тәңір, жеңіп жүр, жүйке-Құдай,
Өтесің-ау, деп қойды, ит-өмір-ай!
Жапырақсыз бұтадай қаусап кәрі
дір-дір қағып, шал отыр, саусақтары:
Қорқа ма екен өлімнен?
Жо-жоқ, тіпті,
Қимайды тек күресті, өжеттікті!
Ұзақ ғұмыр болсыншы алдаған-ақ,
алдаған-ақ, ұқтым мен, шалға қарап,
тәтті екенін күйіну, жұлқысудың,
Тіршіліктің не екенін шын түсіндім.
Қаңғыр-күңгір жұрт сөзі, маңайдағы үн
естілгенін жаңаша абайладым.
Құр қалқиған құлақ, сен не білесің? –
Әр-берден соң естуге де ерінесің...
Келіп жатсақ тоқсанға – ойланармыз,
Ал, әзірше ішейік, – деді досым.

1980