Аспан – көздей шел басқан,
Ұлпа қар қылаулайды,
Сөйлейді жұрт қыс жайлы, тұмау жайлы.
«Қан сонар» бар,
Түлкілер – жаға болған,
Жаға менен бөрікті кім аулайды?
Табиғатқа тағылған кінәдай бұл:
«Оһоу» десең тасқа ұрып құламайды үн –
Жаңғырық та жоқ сын-ды,
жел өтінде
ескерткіші тоңып тұр ұлы Абайдың.
Жаңарсын бар ой-әлем, кескін мейлі,
Тау мен дала бәрібір ескірмейді.
Алыс тоғай, бұлбұлдың әні түгіл,
Кейде өз даусың өзіңе естілмейді.
Ұлы Қала!
Сөздеріңнің жұмсартып мағынасын,
Моторға да май беріп жағынасың...
Жиырмасыншы ғасыр ғой;
Кейде бірақ
Табиғаттың өз даусын сағынасың.

1980