Әлдекімге қарау ой боп қонатын
мені, мені ағартады қара түн.
Таң алдында ақ періште құсаймын
қыз-келіншек қырқып алған қанатын.

Пәк жыр жазып өткізбек ем бұл айды –
әлдекімге жазбағаным ұнайды.
Қара сөзді ұнатамын, сондықтан
көлеңкем де қара болып құлайды.

Ұқпайсың ба?
Мақұл, достым, бара ғой,
менің тілім қанжар емес, ара ғой.
Бағаласаң – көлеңкеме қарама,
көлеңкенің бәрі бірдей – қара ғой.

Ой, пиғылым, тіршілігім – бәрі ізгі,
ізгіліксіз көп кісіден қара үздім.
Үһі десем ақтарылып аузымнан
аппақ-аппақ гүл түсетін тәрізді...

1978