Гулеп кетті жел тұрып маңай тағы,
Кәрі қурай ызыңдап ән айтады.
Мойын жүні үрпиіп жетім торғай
аяныш-сезіміңді молайтады.

Аспан тұнжыр, жел үні бір сембейді,
кез келген бір қуысқа кірсең дейді.
Алба-жұлба өңірін қаусыра алмай
ыққа айналып бұталар бүрсеңдейді.

Кірлеп кетті-ау мына маң, кірлеп кетті,
жылғадағы лай су ірмек бопты.
Кемпір-бұлттар үңіреңдеп ұршық созып,
сұп-суық жаңбыр жібін дірдектетті.

Ұлыма боти іздеп дүкенге еніп...
су өтіп табандардан бүкеңдедік.
Тұнжырап кетті маған қабақ біткен –
аспаным бір айықпай бітем бе өліп?!

Бір әйел біздің үйге жылап кірді,
бір түйіншек қайғысын лақтырды.
Бір сыншыны тартып ем шапалақпен,
ол мені бір газетке сынаттырды.

1978