Жақсылық – жас,
                   Жылдар жаңа,
                                      күн өзге:
ердің даңқы дарыды енді бір езге...
Алатаудың ақ бұлттары салмақсыз,
салмақсыздық келді содан мінезге.

Салмақсыз қыз қасы-көзін сәндейді,
сәнді қызға салмақсыздық тән – мейлі.
Алды бәрін уақыттың өзі ақтап,
космоста салмақсыздық – заң дейді.

Физиктердің шөбін орып кеттің бе –
салмақсыздық – санасыздық деп күлме.
Салмақсыздық – құлағанға қолайлы,
сипаған боп сезіледі тепкің де.

Құмға да ізің түспей кетті, әзаға,
жел боп жүгір, жұрттың ізін тазала.
Салмақ – қара таста қалса болғаны,
тастай салмақ қалсын өлім-қазада.

Қиялыңда құмар оты жансын тек –
қанатсыз-ақ ұша аласың, ал, сілтет.
Қалсын салмақ жұдырықта жауды ұрар,
мықты айтылған сөзде салмақ қалсын тек.

1978