Тау рухы ешкімнен сый күтпейді,
еріп кетсін сай-жыра жидіп мейлі.
Еркеленіп оралса бұлт мойнына,
кекірейіп кәрі шың илікпейді.
Тосырайып тас жатыр – о да өкпелі –
кінәлайсың, досым-ау, не деп мені.
Кетісті, әне, екі шың, ешқайсының
бабын таппай жел байғұс дедектеді.
Жасыл бұта қалқиып құлақ түрді,
бір құлақты жел жұлып лақтырды.
Ақ қайыңның табалап аңқаулығын
көгалға аунап көгала бұлақ күлді.
О бастағы жарасым былай қалып,
тартысып тұр табиғат – құдайға анық.
...Болған сайын көз мөлдір – көкей қуыс,
көп жігіттің сөзі жүр ылайланып.
Кінәладым, үңілдім, көп қарадым,
келісім мен жарасым – жоқтағаным...
Атыраудан аңқылдап шыққаныммен,
Алатауға тіреліп тоқталамын.
1978