Еш кесірлік көрмесімді біліп ем
жаһан толы жақсылардың бірінен.
Мені шалса – лас аяқ шалып жүр,
мен сүрінсем – жамандарға сүрінем.
Тартысуға уақытым аз, аз әлім,
жырды бірақ қуатты ғып жазамын...
Жамандықты жасайды екен жамандар,
жақсылар тек тартады екен азабын.
Жаман ойға үйреткен жоқ мені ешкім,
сыртын көріп – сұлу жақсы деп өстім.
Жақсы сөзді жаман қалай айтады? –
нақ осыны түсіне алар емеспін.
Ашық сөйлер қайрат берген маған да Ар,
жағдайым жоқ жағып-бұғып амалдар.
Туып біткен жоқ қой әлі жақсылар?!
Құрып біткен жоқ қой әлі жамандар?!
Жамандық та ауру шығар, мен емін
таба алмадым.
Әлі адасып келемін.
Мен ешкіммен күреспедім,
күрессе
менің үшін күреседі Өлеңім!
1978