Шындық деген көк аспандай тым биік
мұхит сын-ды әрі терең тұңғиық.
Жан сендіріп жаңсақ жайлар, қате аңыз
біз де содан қателесіп жатамыз.

Шыңды, рас, мойындадық биік деп,
суды, рас, мойындадық сұйық деп.
Көрген шақта шын қасірет-қайғыны
аяғаннан жүрегіміз айныды.
Шашақтарын самал желге жүздірген
қызыл туды – қызыл дедік біз бірден.
Қараны, рас, қара дедік бір қарап,
адалдықты ақ атадық бір қарап;
жапырақты жасыл деген секілді,
гауһар тасты асыл деген секілді,
жақсы десе – ауруға да дарыды ас,
жаман десе көңіл қайтып арымас, –
рас, рас, бәрі-бәрі-бәрі рас.

Тайғанақтап із секілді мұздағы,
бірақ кейде қателестік біз дағы:
тау мен сайдың арасына, дес бермей
төбелердің өсетінін ескермей,
байғыздың да аңсауы бар екенін,
бұлбұлдың да жемсауы бар екенін,
ақылдың да ажалы бар екенін,
бақырдың да базары бар екенін,
ұмыттық біз;
әділеттен үміт қып,
әділеттің өзін кейде ұмыттық.
Жақсылардан еңбек күтіп, тер күтіп,
жалқауларды алдық біраз кергітіп.

Төбелердің көңілі үшін,
ғасырлық
Кейде шыңның асқақтығын жасырдық.
Жапалақтың шыққаны үшін тасқа ырғып,
таққа сүйеп отырғыздық «тақсыр» ғып.
Ал, кей күні қыран құстың қанатын
қиып алып бір байғызға жапсырдық...

Таудың даңқын көтерем деп байқаған
төбе бірақ қақты бір күн қайқалаң.
Бұлбұлдардың әнін шырқап байқаған
қызыл әтеш – әтеш болды қайтадан.

Біз керемет кең халықпыз,
сөз бе еді
қателесу көтерем деп өзгені!
Жақсылығын – жақсылардың өздері,
жамандығын – жамандардың өздері
дәлелдеді.
Ал, бір жақта құлан құлап құдыққа,
Құлағына ойнап жатты құрбақа...

1978, 1982