Әр жыл сайын әлдеқайдан бір құпия жел есер,
әр жыл сайын түн қойнында әлдекімдер кеңесер.
Жиырма миллион!
(нольдері көп демесең)
қағазды да қайыстырмай жазылар сан емес ол.
Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман, –
сонау жылы қайтпай қалған майданнан
әкелер мен ағалар.
Жо-жоқ, қате!
Қайтпай қалған жоқ олар:
Тоғызыншы май сайын сол Ер халық
күнбатыстан бұлт секілді торланып –
қалың гуіл түнгі аспанға тарайды;
ең биікке шығып ап
қырық миллион көз-жұлдыз боп қарайды
ұрпақтардың тірлігіне қызыға,
содан кейін окобына-сызына
Қайта құла-ған шақта
солқылдайтын секілді Жер бір түрлі –
жапырақтың көзіне жас іркілді...

Жиырма миллион ұлы Армия, ұлы рух
көтеріліп қайтадан
әр жыл сайын бір-ақ түнге тіріліп,
орман болып түннің желі шайқаған
түйіледі қырық миллион жұдырық
тірі қалған жауларына.
Түн тымық,
түнгі самал алыс қырда тімтініп,
іздеп жүріп «туысқандар моласын»
оятады түгел бәрін.

Сол асыл
Ер жігіттер – әлемді алған атағы –
сарт-сұрт етіп сапқа тұрып жатады.
Содан кейін...
«Отбой» алып бір тұстан
жолдарымен қырқысқан,
жиырма миллион көлеңке боп шұбалып,
курант ұрып, түн ортасы болғанда
нені қорғап өлген болса, сол маңда
табысады бәрі-бәрі.
Сонсоң әлгі көп халық
бара жатыр Бас алаңды бетке алып.
Жиырма миллион Ерлік, Қайрат, Құдірет
әр жыл сайын бір рет,
партизаны арба жегіп кәрі атқа
қатысады Жеңіс түнгі парадқа.
Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман –
сонау жылы қайтпай қалған майданнан
әкелер мен ағалар.
Жо-жоқ, мүлде қайтпай қалған жоқ олар:
әр жыл сайын Тоғызыншы май түнгі
салтанатқа қаруларын қайта ілді,
қарауытып жауып өзен, жағаны
түні бойы дүбір тасты жарады...
ертесіне тірілердің парады.
Ал, біздің үй...
ерке қыз бен тентек ұл
шат-күлкіге кенеледі иен-тегін.
Ескішілдеу шешем – есті болса да,
әкеміздің өлген күнін сол санап
Тоғызыншы май сайын –
Сары майға пісіреді шелпегін.

1978, 1982