Жел екпінін маған берсе табиғат,
маған берсе судың күшін табиғат,
жаңғырығын берсе жақпар-таулардың,
даладай ғып кеңдік берсе табиғат;
берсе маған нөсерлі көк күркірін,
бұлт астынан шыққан күннің кірпігін,
жеті бояу қосып берсе түр-түрін,
дүние қолда тұрса нандай бір тілім;
жол қуатын қиған күннің өзінде,
су ағысын құйған күннің өзінде,
алақанға ап асқар таудың өзін де,
Дала құсап кеңіген бір кезімде –

Соның бәрін айналдырып мен үнге,
үш күн, үш түн айқайласам кемінде,
айқай салсам ел-жұртымды сүйем деп
айқай салсам топырағымды сүйем деп,
жар салсам мен екі тілде...
бес тілде –
бірақ оған сенбес еді ешкім де,
сенбес еді,
«күмәнді» атап тірлікті,
қазығына таңар еді бір мықты;
жатып келіп тексертер ед,
Сен де, дос,
айқай салып арзандатпа шындықты!

1978