Шуақ жүр жапыраққа тайғанақтап,
тайғандарды аласың қайдан ақтап.
Ал, қуаныш біраздан біле алмай жүр
қонарын қайсы бетке, қай қабаққа.

Таудың үстін жүз талғап, он ақтарып,
бұлт жүр білмей қай шыңға қонақтарын.
Емен отыр біле алмай: жапырағын
қайсы желге, қай кезде тонатқанын.

Көп боп кетті тақырып, қайғы тағы
айтарыңның көптігі... айнытады.
Сайқымазақ самал жүр ауламда әне,
сыбдыратсам екен деп қай бұтаны.

Терлеп жүрмін десем мен, мәйкемдегі
шәй ішкенде шығатын жәй тер ме еді...
Шертсем екен мен саған қай күйімді,
бассам екен әуелі қай пернені?!

1970