ауырмай.
Қай пейлімнен таптым деймін,
қай кінәм
тапты мені – осыны ойлап қайғырам.
Шуақ күнге дауылың да – қиянат,
әлдекімге жауығу да – қиянат,
қайғыру да, ауру да – қиянат;
әке болсаң бата-тілек шын алғыс:
көкірегің болса өксігіш, жұбанғыш,
айналайын, ауру бақпа, ұя бақ!

Көгершінім, сен түгіл
сауысқанның сақтығынан сауығатын кезі көп,
сұңқардың да ауыратын кезі көп
момынның да жауығатын кезі көп.
Мықтының да осалдайтын кезі көп,
дананы да досы алдайтын кезі көп,
дос алдады – жазыла гөр тезірек!
Барыстардың бала іздейтін кезі көп,
Арыстанның нан іздейтін кезі көп,
Қыранның да пана іздейтін кезі көп –
жазыла гөр, жазыла гөр тезірек!
Азуына сенбегендер ірі аңның,
сенбейтіндер қауқарына қыранның
саған, саған, саған, саған сенеді.
Дүние кең ғой, дүние кең ғой деп едім
болады екен тарылатын кезі оның,
тұрып-тұрып жарылатын кезі оның –
мен кей күні таршылықтар сеземін,
жақсы іске де қарсылықтар сеземін.
Уақыт қысып жіберсе егер – тау құлар,
қыса көрме, шешім-қарар-қаулылар:
тау қыраны қанатынан қайрылар,
қарулылар – қайратынан айрылар,
азулылар – айбатынан айрылар.
Ауру бала бар әйтеуір бір үйде,
әйтеуір бір от басында қайғы бар.
Ауа да ортақ, бәрімізге, ортақ күн,
тілегі ортақ батырдың да, қорқақтың.
Шаттық ортақ болсын, қой, қой, қой, қорқақ,
жалпыға ортақ – болмасын тек қайғы ортақ.
Бәріңе ортақ менің титтей жеңісім,
ешкім бірақ, қайғырмасын мен үшін!
Саған берсем екен деймін қол ұшын,
сенің қайғың-ды бөлісу – борышым!
Елдер еркін алу үшін тынысын,
көлдер еркін алуы үшін тынысын –
менің барлық терім, қаным, жұмысым.
Дүниедегі соғыс, жанжал, келісім
бейбітшілік үшін, бәрі – сен үшін,
көгершінім, қиял алдар, жиі алдар,
бақыт алдар, үміт алдар, жиі алдар,
саған бірақ сенеді елдер, қиялдар.
Себебі сен еркесісің әлемнің,
орының бар жүрегінде әр елдің –
әр ағаштың бұтағында ұяң бар!

7
Балапаным, бақыттысың сен менен,
мен білгенді,
мен көргенді көрмеген.
Мен де сорлы емеспін-ау, кем де емен
қара бастың қамын қуған пендеден.
Бақыт дейді, көбіне о да алдамшы, ә?
Қонбай-ақ қой, алдамшы-бақ, қонғанша.
Сен жазылшы,
менің бағым жанғанша.
Бақыт егер – әйел болса – алдамшы,
қол созғам жоқ, ұмтылғам жоқ мен де онша.
Таба алмадым дәрі іздеуден басқа амал,
мен сенен де ем таппадым, астанам.
Бере алмайды, сірә, бөгде кісі мән,
сен ауырсаң кінәм бардай қысылам:
өртке – суым,
дертке – дауам болмады.
Жел, жел, байқа, байқап айнал сен-дағы
ұясы бар бұталардың тұсынан.
Тыныштық бер бұтағыма, ұяма:
мен тағы бір балапанымды ұшырам,
тағы да бір балапанымды ұшырам!

Менің әкем кетіп еді ерте өліп,
қанын төкті ол,
мен келемін тер төгіп,
сендер үшін тер төгемін өртеніп.
Асыр салып бөбектер жүр шапқылап,
асыр салып сен де ойнап ақ, ақ бұлақ,
саған, саған жарасады еркелік.
Ақ бантикті сәбилер жүр аулада –
ақша бұлттан бантик тақты тау да әне.
Табиғат та сәби сын-ды бір түрлі
жазғы бұлты келген шақта күркірлі.
Жел, жел, дауылға айналма сен, ақымақ,
жай сыбды-рың-ды ұнатамын, жапырақ,
ұнатамын, бұлақ, бұла күлкіңді.
Көлеңкелер құламасын суға әппақ,
сұрланбасын тастардың да бет-өңі,
елдің қабақ шытынғаны – жетеді,
бөбектерім, күл, сайранда, шулап бақ.
Гүл ерінін дірілдетші жаңбыр ақ,
ақ жаңбырмен жапырақ өссін жалбырап.
Көктем, маған сенің күйің қалды ұнап,
тамшы, маған сенің биің қалды ұнап.
Нұр-шуақтың жомарттығын пайдалан:
Күннің ыстық уақытында қайнап ал!
Ақ кептерлер, сайраңдап ал, ойнап ал,
Бұлбұлдарым, бабың барда сайрап ал,
жыршыларым, айтарыңды айтып ал!
Қырандарым, қауқар барда ұшып ал,
көгершінім, көк тынышта ұшып ал:
мемлекеттер, түсініктер тұсынан,
президенттер, саясаттар тұсынан,
суретшілер қаламының ұшынан,
қане, ұшып ал, ұшып ал!
Бөліселік мына күннің әсерін:
қайырлы таң, қайрымды елім, жас елім!
Аспан ашық, жұртым менің, сау-аман
ояндың ба;
мына мөлдір ауадан
сімірейік,
маған – сусын, саған да ас
керек шығар,
жалаң аяқ самал жас,
жүгір, жүгір, Алатауға амандас,
содан кейін жапырақты сыбдырат,
жұлып кету боп жүрмесін бұл бірақ!
Құстарымның мекені әне, құты, әне –
байқап тербет ұясы бар бұтаны!
Ұнатам мен: әлемдегі ең бір ұлы үн –
боз-таңдағы боз торғайдың шырылын,
жапырақтың болар-болмас шуылын,
ақ мәрмәрға тайғанаған су үнін;
әр оянған сайын өстіп ұлы елім,
шымырлайтын секілді ептеп жүрегім,
босайтұғын секілді ептеп буыным:
сүйсіну ме, серпілу ме – ұқпадым,
әр дыбыста жаңа мағына-мән бардай,
қалам сонда, аңғармай
“шүкір” деген сөздің қалай шыққанын!
Шүкір, бұл таң тағы тыныш, жаңа таң,
қайырлы таң, айналайын Алатау!
Мықты болсын бұталарың, құстарым.
ұяларың құтты болсын, балапан!
Менің бейбіт берекелі заманым,
саған-дағы құтты болсын жаңа Күн!

Тереземнің алды шуақ, тым-тырыс,
ақ көгершін дән шашайын, пыр-пыр ұш!
Қанатының үнін естіп сол құстың,
шүкір етем ажарына болмыстың.
Көздерде бір тілек, үміт, қуаныш,
көңілдерде баяғы бір ұмтылыс.
Арықтарда баяғы сол бір ағыс,
ағаштарда сол баяғы бір тұрыс.
Ақ бұлт аунап барады, әне, қияға,
көлеңке – ала,
таудың көңіл-күйі ала –
тау көңіліне де ала пікір сияды, ә?!
Саздау жерге күрегімді батырам,
қаламымды батырамын сияға.
Секілдімін мен бір старт алаңы –
көп-көп балапан ұшы