«Жатпа, бұлақ, алға асық,
қопарып бақ, қозғап бақ.
Бұлақ болып алғасын
бұрқырау да сөз боп па?!
Ақтар қуыс-көбені,
жаға, жарды тітірет.
Түртіп құлат төбені,
түйнек-тасты түтін ет.
Долыға түс, долыға,
тау мойнына сал шылбыр.
Иілмесе жолыңа
басын қағып ал шыңның!»
Сонда бұлақ күбірлеп,
қажып-талған кескінмен,
деді: «Достым, бүгінде
айқай деген ескірген.
Айқай қайда, айқайды
ақымақтар салады.
Айқай бір күн, байқаймын:
есектен де қалады.
Есуаспысың тұп-тұнық,
ойбай неғып ұқпадың:
аяқ деген мықтыны
айла шалып жыққанын?!
Жоқ баяғы мінезім,
ақыл кірді маған да.
Қуыс-қуысты кезіп
жылап ақ де одан да.
Неғыламын айқасты,
кететінің-ай лағып.
Қозғағаннан қойтасты
өту оңай айналып!»
«Бұлақ па бұл немене...
сеніп едім мен қасқа.
Қайраты бар денеде
намыс деген болмас па.
Бұлақ қой деп мақтасам,
ұйқас жасап шегелеп.
Құтырынып ақпасаң
құдіретің не керек!
Неге керек дәме етіп
даңқ, атақтан,
мықты ойнап,
тасты түтіп шаң етіп
ұшырмасаң ыққа айдап?!
Өз-өзіңнен тыйылып,
өз-өзіңе айла ғып,
көрінгенге иіліп
өтер болсаң айналып.
Құрып кет сен!
Дәл шындық:
орныңа үй салайын.
Ең соңғы бір тамшыңды
ерініме жағайын».
«Қонбас ақыл, шырақ бұл,
шындықты айтпа – батады.
Маған керек – бұлақтың
ерлігі емес, атағы.
Ерлік ішер ас емес,
нем кетеді, ойын ғой.
Біле-білсең, бас емес
иілетін мойын ғой...»
1970