Ала толқын, ойқасташы, ойқаста,
қопарылып, қоймай ұрып қой-тасқа,
Жон-арқамды жалбыратшы, Қызыл күн,
жалаң аяқ аяғымды сой, тастар.
Қалам-тұмсық тары-сөзді шоқып құр,
отырдым-ау, отырдым-ау қоқып бір.
Саған, саған құмар едім, тау маңы,
самал, самал, сұр жүзімді тотықтыр!
Ағаштарың секілді екен «леп белгі»
жазған жырға қойылатын көктемгі
Көп ісіме «сұрау белгі» қойылған
соған сенен жауап табам деп келдім.
Ине-шаншу іліп түйреп өкпемді
көрпе қабып жүр ғой біреу, көп болды.
Жүз ауырып, мың ауырып көрген ем,
бір сауығып көрейінші деп келдім.
1970