Өз шаруаңа өзің тұтқын,
сан ойлап
туған үйді жүрсің ойша маңайлап.
Балаң өскен сайын ауылды ойлайсың,
суыртпақ боп түскен сайын самайға ақ,
тамырыңда белгісіз бір қан ойнап.
Аңшы қарттың өтірігіне сенсем деп
армандайсың отырып кеп кеңсеңде.
Қарсы алатын кемпірлерге кемсеңдеп
ұлымды бір иіскетіп келсем деп,
армандайсың отырып ап кеңсеңде.
Отырасың сезіміңді босқа арбап,
ода жазып су мен шөпке, тасқа арнап.
Бір жинағың ұнамай жүр достарға,
бір жинағың ілінбей жүр жоспарға:
Сенің ғана жұмысың ғой бәрі-бәрі,
мықты екенсің, аттап шығып көр, кәне.
Сыңсиды кеп, ыңырсиды торланып
ойыңдағы образдар орманы –
мықты екенсің, аттап шығып көр, кәне!
1970