Әйел жылап булығып,
Жиі-жиі ері ішіп,
жиі-жиі шығатын таң атқанша керісіп.
Көрші болды ғажап бір – қарапайым жан аса
ері бізді көргенде елпілдейтін балаша.
Келіншегі – жұмбақтау,
жұмыр біткен кісі еді:
Бірде – көзі көгерсе,
бірде – еріні іседі.
Баспалдақ – тар,
байқамай келіп қалсаң төте тым,
жабығыңқы бас изеп,
Жылжып жүріп кететін.
Қысылады-ау шамасы?
Тұрмыс ит-ай, әй, тегі:
Ибалыны көп қыспай – кеңдеу болса қайтеді!
Көрші-қолаң, тіл де бар,
Қабырға да жұқа әрі –
О, мұндайда ұтса егер – өсекшілер ұтады:
бір тал шырпы сынса үйде – елге естіліп жатады, –
Сіріңкенің қорабы – үй деген құр атағы.
Бізде – тіл жоқ, құлақ бар,
Құлақ – жаман,
жаманы:
ертең жұмыс дегенде – ұйқы болмай қалады.
Қабырғасы жұқа үйім еске түссе – ұялам,
бірақ, бірақ жұқарақ біздің жүйке-ми одан.
Жалақтатты кей көрші жаңа-жаңа сөзді өрт қып,
Сөзден қашып біз-дағы жатар бөлмені өзгерттік.
Жігіт жүрді бәз қалпы,
келіншек те жүрді көп,
бұрынғыша сырт беріп, беті-жүзі күлдіреп.
Тек бір мәрте әйелде кінә болған:
Тойып бір
ішіп келген еріне есік ашпай қойыпты.
Екеуі де қызметте.
Жек көр, мейлің ерсі көр:
Тыныштық жоқ түн сайын десіп жүрді көршілер.
Десті, десті талай тіл,
талай сөздер беттесті,
беттескендер – қырсық сол – балалары жоқ десті.
Екеуінде білім тең,
еңбек, үміт, дәме тең,
тең еместің де арасын теңгеретін дәнекер
бала екенін білуші ек,
таң қалдық біз жігітке:
Баланы жұрт әйелге сабап таптыра ма екен!
Арақ шығар кінәлі?
Ішу, рас, жат өнер,
арақ – аппақ болғанмен, қара пиғыл әкелер.
Болашақ бар,
Мұрат бар: Мұндайлар жүр айға ұшып,
Заң білетін адамдар: Кетпей ме екен айырылысып?!
– Неткен жансыз адамсың, жейтінің сол бір таяқ –
Әйелді өстіп қайрапты ақылы бар жұрт аяп.
Арыз күткен әйелден мекеме бар не түрлі,
ал келіншек біріне шағынбаған секілді.
Сол баяғы жылау тек,
баяғыша ері ішіп,
баяғыша түнімен жүред, десті, кірісіп.
Жо-жоқ, керіс те емес-ау,
ұрыс та емес ол тегі:
Ұратын да – еркегі,
ұрсатын да – еркегі.
Қынжылуды қойып ел,
қызығатын боп алды:
«Әйелі би көп ердің – бұ неғылған ертегі?!»
Шешем бір күн шақырып әлгі екеуін:
– Еті өлі
жан екенсің, келін сен,
Балам, саған – жетеді, –
деп бастады сөзді ұзақ – келінде түк жоқ кінә,
өзім арыз айтамын – енді жықсаң соққыға.
Салыстырып көрдім көп қатындардың қаңқуын,
көзім жетті мән-жайға,
ақыл айту салт, ұлым,
үлкен кісі болған соң, мылжыңдық та бар, балам,
біз – жаулықты қасқамыз,
бөркің үшін арланам.
Ар жоқ екен, ал сенде,
есің болса – еңіре,
мен сықылды бір кемпір тапқан шығар сені де.
Сен – қатынсың,
қатындар не тындырар қатын ап,
Ұл тудым деп сені анаң қалжа жеді-ау, ақымақ!
Бұ қазақтың ұлы ез жұрт,
Үйленсең де жүз рет –
жүзіне бір қарасаң – жүкті болар қызы көп, –
алмайсың ба біреуін?
Жігіт болсаң сен, шұнақ,
жалағанша жараңды қаншық иттей қыңсылап –
қай биікке шықпақ ең бедеуіңді қамшылап?!
Сені азғырып әйелдер от басыңа жау ғыпты,
Келінді де азғырған талай қарлар жаулықты:
Ол – азған жоқ,
сен аздың!
Қақсамасаң қатеңнен,
өскендіктің қырсығы қамшы жемей әкеңнен,
оқтау жемей шешеңнен;
қала аталған мына елде
ешкімді ешкім білмейді – жұдырығың білемде!
Жанашырдың жоқтығы жіберген ғой тасытып,
Мына оқтаумен басыңа бір қояйын ашытып! –
Кемпір осы сөздермен тұра ұмтылды оқтауды ап,
сол оқтаудан жанардай біздің үйде де от қаулап
шошып кеттім;
келіншек бұрын түсті араға:
– Азамат қой, апаеке-ау, таяқ жұмсап бола ма,
Маған жаның ашыса – бір ашуың бере гөр,
бағы қайтар деген бар таяқ жесе ер егер.
Шешем таң боп қарады,
оқтау түсті қолынан:
– Бақытты бол, қарағым,
кісілікке не күмән,
Сау екен ғой ақ елік әлдекімнің аңдамай
атып қалған оғынан,
жарылады екен ғой жүрек әлі ағынан –
бейкүнәға бейбақ боп таяқ жұмсап не ғылам,
туыстығым жоқ саған,
өкпе, өшім жоқ не менің –
кекті ме екен еріне – сынайыншы деп едім.
Жатырқамайды екен жар-дүниенің көлемін,
Осы мені біреуге таяқ ұрар дегенің.
Балалығың, қарағым, даналыққа бергісіз,
тазалығың, қарағым, балалыққа бергісіз
таяқтамақ түгілі – адам айтса сенгісіз –
сендей жанға, мен болсам, бастырмас ем жерді сыз!
...О жылдары жас едік:
Не түсініп, не білді ел –
жиырма екінші көктемде жесір қалдым ерімнен.
Басқа тепсе ит – ырыс кетпейтіндей көрінген,
Жаз бояуы – жастық шақ – өтпейтіндей көрінген.
Тектілеу-ді төркінім, намысшылдау неме едім.
Кеш қайттың деп бір тойдан кіргізбедім мен
Оны.
Үш күн жүрді өкпелеп,
Жұлып ашып есікті,
сегіз өрме қамшымен жон-арқадан осып бір
жіберетін тұс еді;
Кімге керек құр шыдам,
Сонда шықпаған көз жас – қырық жылдай
ыршыды, ал!
Қақпау керек емініп қызық – бақтың қалтасын,
Қағып қалсаң қалтасын – түбінде бір тартасың:
Қырық жылдай тақсірет тартып келем, міне, мен –
қырық жылдай арқамды қамшы осады түнімен.
Өз есігін өзіне ашпай қойғам,
сол әлі
қырсық болды қырық жыл азаматтың обалы.
Сен де бір-ақ түн ашпай – таяқ жедің көп түндер,
Сөйтіп, бірің-біріңді жуып-ақтап кеттіңдер –
тазарыңдар, шырағым!
Бүтін жансың сен есің,
адалдықпен, төзіммен жеңсең – мықтап жеңесің!
Балам, саған айтарым:
Мұндай жары бар адам
ұрыс-жанжал іздесе – іздер болар даладан.
Тағдыр бала бермесе – тартып алу қиын іс,
төбелес аш,
қаулыңды ал,
шақыр, мейлің, жиылыс!
Жылу шақыр одан да,
Кісілік тап – қайда бар –
тас жұмыртқа жылудан – балапанға айналар.
Бөгде адаммын сендерге, сөзім, рас, сөз болмас,
бірақ жылы жел еспесе – қар да ерімес, қозғалмас.
Жаудан басқа – жат көрме,
тым өзімшіл болма, ұлым,
қорлағаның біреуді – өзіңе еткен қорлығың! –
Шешесімен бірге өсіп қартайған ұл болсам да,
Соңғы сөздің астарын түсінбедім мен сонда.
Көрші көшті ұзамай,
қалды ел сөзбен мүйіздеп:
Қалың қабырғасы бар кетті, десті, үй іздеп,
Дұрыс дедім ішімнен,
ескіліктен бір нұсқа:
«Пиғыл өзгермейінше – өзгермейді тұрмыс та».
Мен де ұмыттым өкпемді құрылысшыға, құрылысқа,
Күңкіл-шүңкіл түгілі естілмейтін қылмыс та
қабырғалы үй алдым қақап тұрған бір қыста.
Онымен де тұрмыстың жойылған жоқ міні әлі,
аттап қалсаң жұп-жұқа линолеумдер сынады.
Ойда жоқта семьяның ортақ болдық сырына,
қабырға мен оған да жұқалықтар кінәлі.
Алу қиын ақылды,
қонуы одан қиын іс,
айтыстар көп содан да,
содан да ұзақ жиылыс.
Арылыпты, деседі, әлгі үй күңкіл-күңгірден,
Міні, әрине, жойылмақ бірден емес, бір-бірден.
Ойлантуға жетсе егер айтылған сөз шамасы –
Құдіреті сол шығар?
Басқа ма, әлде, кім білген?
...Кеше сол үй, сол жігіт қонақтыққа шақырды,
Жеті жасар баласы барады екен мектепке.
Баяғы екен әйелі,
байқағаным, баяғы
сол әйелдің жүзінен иман нұры таяды.
Бала өзінен туды ма,
алды ма әлде асырап, –
бата алмадым сұрауға,
әрі ұялдым,
аядым.
Шешем қайтты мәз болып,
таң болысты көп пенде,
өткен халі бұл үйдің бәр-бәріне жеткен бе?
Құлай жаздап бір шаңырақ қайта тұрды деп мен де
жадырадым.
Жұбайлар, бір-біріңді тепкенде,
араздас – тек арылыс,
ашулан – тек кектенбе.
Таңданбаңдар, ағайын, өкпек желдер өпкенде,
көлеңкенің қар-сызы, кім таңданар, кепкенге.
Таңдана ма Бүгінге ел.
Жат қарай ма өткенге,
гүл басты деп мұз орнын кім таңданар Көктемге!
1983