Жорға еді ғой жалбыр торы ақ қаптал,
Әттең разы емес еді иесі:
Салып алып талай құмға, батпаққа,
бұзды дейтін бір көршінің биесі.
Жорғалықтың қырсығы да:
О, қасқа,
шөп жемейтін, мезгілімен су ішіп.
Қатал ие байлап қазық-ағашқа
«жарату» деп атайтұғын мұнысын.
Жалбыр торы жиі-жиі таң асып,
Кеміретін әлгі қазық-ағашын.
О, сорлы аштық, азабына қарашы:
Жазатайым жақын барсаң жанасып,
оқыранатын мұң шаққандай Торы дәл.
Қарайтұғын қаталдардың қолына
өнерлінің сол баяғы соры да!
Торы айғырға мініп алып сол аға
жалғыз өзі шабатын айдалада.
Қара су боп қайтады айғыр,
құрысын:
«Тер алу» деп атайды аға мұнысын.
Суиды айғыр ауыздыққа сүйене,
түгінде – сор,
шашасында – құм, батпақ,
Қайтер едің хақтай қатал-иелер
жорғалардың тері кетсе қымбаттап?!
Жорға иесі жемірілген қазықты
көрді бір күн,
Басын шайқап, абайлап,
бір сүйменді қақты сонсоң қазық қып,
қойды айғырды темір қазыққа байлап:
Содан бастап өштік туды менде бір,
Сол баяғы әлсіздігі пенденің.
Қатал да сақ иесіне айғырдың
бір қысастық етпек боп,
киіз үйдің іргесінен етпеттеп,
аңди-аңди тағатымнан айрылдым.
Торы жорғада күзет мықты.
Жан адам
жолатпайды иесі оған.
Мен амал
таптым бірде:
Тұсауын ап жібердім
оқыранған бір биеге даладан.
Әй, балалық,
Бітірдім бір іс, демек,
Қаталдық пен күрес үшін кішкене
қаталдық пен күш керек:
Күш жетпеді, келесі жыл көктемде
жалбыр торы шыға келді пішпе боп,
жал-құйрығы ғана қалды мықты, ұзын.
Мен жасаған жеңгетайлық сондағы
торыға өстіп қырсық болды қып-қызыл.
Жақсылығың жамандыққа айналса,
Қартаймайсың қайдан, шал...
Жорға еді ғой, шіркін, торы ақ қаптал,
Жорғаларды, тілі барлар, мақтап қал!
Мақтанатын тіл болмаса Торыда
О да арылмас өнерлінің соры да!
Ұмыт болды Қошалақтың көп аты:
Қойды айқасты дарақылар не батыл.
Ат иесі – озған сайын Торы жорға
өзі шауып бәйге алғандай болатын.
Торы десе ұмытылып дәм-тамақ,
Жорға десе – жүрді көзі қанталап,
Әй, зәнталақ, зәнталақ,
Онсыз да озған атты бауырға осатын,
сауырына жатып алып шалқалап.
Айтпақшы, елдің ауызында дүрлігіп,
сөздер жүрді,
пікір жүрді бір бүлік:
«Онша өнерлі емес еді, бұл тегі,
жалы айбар боп жүрген ғана жылқы еді –
атбегінің еңбегі», – деп жүрді жұрт.
Жай сөз.
Торы жорға еді ғой сұрапыл,
дәстүр шығар жорғаларды ұратын?
Кім біледі, әдеті ме пенденің,
Қанша жомарт болғанымен кең көңіл
кемітуге сылтау іздеп тұратын?!

1983