Жіп иірді ол толғанып,
Қолында – сол бір ұршық.
Домбырамды қолға алып,
Мен – күй шерттім ыңырсып.

Қартайды анам – толды ұршық –
Саусағынан әл кетіп.
Сыршыл жан боп көлгірсіп,
Мен отырмын әндетіп.

Айларды ұршық иіріп,
Жыл жасайтын секілді.
Домбыра ше?
Бәрінен
Мұң жасайтын секілді.

Ұнатады көп санды
заманымыз деп біздің:
Күйдің тоғыз пернесін
жиырма бірге жеткіздім.

Ал ұршық ше?
баяғы,
сол баяғы зырылы:
Өтіп жатқан білдіртпей
Уақыт сынды ұлы ұры.

Анам шөгіп барады,
Ұршық толып келеді,
Бар ғұмыры анамның
жіпке айналды себебі.

Барған сайын құныс бел,
қусырылып барады:
Барын беред ұршыққа ол,
Ал мен күйден – аламын.

1983