Жалғызбын деп көкіректі шіреп сіз,
айдала деп айқай салма ретсіз:
Тау – киесіз,
дала болмас иесіз,
Кеуде болмайтыны сынды жүрексіз.
Сыбырласам – жан естімес демеңдер,
айқай салсам – дала естімес демеңдер.
Сенен есті көрінеді, менен де ер
көде жалап, қоң жамаған көбеңдер;
тыңда, тексіз,
Сен де тыңда, кемеңгер:
Желде де ие,
Киесі бар жай тастың,
Жай тастың да ұя-орны бар, байқа астын.
Көп толғандым көсеуі үшін көненің,
Күйенің де киесі үшін айқастым.
Әсіре гуманизм емес, сірә, бұл,
терминдерден сарсыса да құлағың,
сол терминсіз баса алмайсың бір адым:
НТР-ға жол көрсетер шырағың.
Батып бара жатыр, әне, әне, Айың –
Мен жолыңа қолдан шырақ жағайын:
Сыпа-тірлік ұмыттырса сыйлауды,
Қорқуды біл, тым құрыса, ағайын!
Көлеңкесін іздеп алыс жұлдыздың
азаматтар ғарышқа ұшып жүр біздің.
Жаны бірақ түсініксіз бізге әлі
Әлденеге көп күлетін бір қыздың.
Қыз-ақ шіркін қызығатын
үмітті ер
үйленер ед – сене алмай жүр жігіттер.
Ал ғарышта жымың қаққан жұлдыздың
Күлкісінде не жатқанын біліп көр!
Жерден басқа тоғыз планетаның
тірлігі жоқ дейді ғалым-отаным.
Тым болмаса...
жел өтінде дірілдер
шөп те өспейді, десіп жүр ғой, бірінде.
Өзінше бір Бас штабы қол қойған
Галактика көлемінде мол майдан.
Шөп жоқ, десті, сыбдыратар жел үріп,
Сыбдыр-сырын айта алады жел қайдан!
Көкте, әйтеуір, құпиялар мол бұққан, –
бос кеңістік атаймыз біз сондықтан.
Бос кеңістік?
Жиырма миллиард жасы бар
ғалам ғой бұл? –
Өзін-өзі асырар
Сан секілді нольдерінен күш алып.
Қане, достар, алысырақ ұшалық!
Он планета – ертіп алған он нөлін
бірлік саны секілді екен кейде Күн.
Күнді күшейту үшін де ноль керек,
Нольдерімен келеді Күн дөңгелеп.
Сан бастаған нольдер толы Көк пен Жер,
Мен шертетін күйде ғана жоқ нольдер,
бос кеңістік боп жатса тек – сөкпеңдер,
ей, сөкпеңдер, сөкпеңдер,
бүгінгілер,
ертеңгілер,
өткендер!
Нольдер жатыр,
Сандар жатыр баста сан,
кеңістік бос болмайд дейді ешқашан –
Кеңістікке баста, қане, бастасаң!
Жұлдыз барда – Күндер барда ең ыстық,
Қалай ғана бос қалады кеңістік?
Айқай салсаң – білу керек байқай да,
белгісіз ғой, кім шығады айқайға.
Кім бар-ау деп, шыға келіп қайқаңнан
айқай салсаң бір шатқалға,
байқаңдар:
Қар-кісі де, бәлкім, бәлкім, бар кісі,
бізге жұмбақ бірақ одан арғысы...

1983