Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құлан қайтіп күн көрер!
Асан ақын
Не жетпеді аңыз-атаға сонда
«Қайғы» деген сөз қостыртып Асанға?
Кісілікті кемітуге келгенде
бір есебін тапқан-ау жұрт қашанда.
Мықтылықты мұқатып бер осалға,
Ғайбат отын тұтатып бер осалға!
Жүз кещенің бір данаға жасайтын
Кесірлігін тарта алмайды қос арба.
Ақ көңілден кір іздер жұрт көп әлі,
таусылмаса – көптігінен болады.
Ойламайтын адам бар ма қайғы, арман,
Ал азамат – адамнан да жоғары!
«Құйрық-жалсыз құлан қайтып күн көрер,
аяқ-қолсыз жылан қайтып күн көрер!»
Кімдер қалай күн көреді – ісі не,
Тек өзі үшін күн көретін кісіге
Ойда қайғы боп көрінген;
Жоқ ісі,
Күрес дейді ол күн көрістер соғысын!
«Қайғы» десе – көптің көңілі күпті аса,
Қайғы атаған өнерді де ұқпаса.
Асан ата қамын ойлап өзгенің
Сәл артықтау кеткен шығар мықтаса?!
Онда не тұр?
Не қайғы өзі?
Әуелі
Тыңдау жөн-ау Асан қарттың әуенін.
Қашан болсын, қайғысыздар надан, сақ,
Өзі ұқпайтын ұғымдардан қамал сап
Сақтығын да жасырады жарамсақ.
Асан деген – қайғы ма рас?
Тағы ойлап
Көрейікші тағы тыңдап, абайлап?
Қара бастың қамын жесе қарынмен
Қайғы дер ем, қайғы дер ем бәрін мен!
Әттең, онда қара бастың жоқ қамы,
Жұрттың қамы сөйлегені, соққаны.
Асан өзін қатаң соттаған кісі,
Уақыт бірақ қатаңырақ соттады.
Біз әділдік етейікші, ағайын.
Бір шындыққа жетейікші, ағайын;
ақын жайлы, архив, сен бір дерек тап.
Мен он дерек табайын –
Көптеген үн-иланымнан алайын,
Жетпегенін жиғанымнан алайын,
бір жігіттік жасайықшы, ағайын!
Асан үшін «қайғы» тым-ақ тар ұғым,
Тар ұғымдар, тар ұғымдар, бәрібір,
Мұнша алысқа шашпас еді жарығын:
Аңыз-Асан жасап келед мың жылдап,
Көп қайғы өшті,
Тек қайғы-Асан бір жұмбақ.
Ақындардан жыр іздемей,
Біз әлі
баяғыша қайғы іздейміз мылжыңдап.
Қайғыға ұқсап қайнап шықса үні шын
атқарғаны ақынның өз жұмысын.
«Қой үстіне жұмыртқалар бозторғай»,
«Жерұйықты» ол іздеді екен кім үшін?!
Асан ата, сен тірісің, тірісің:
Сол заманда сен тудырған қайғы-арман,
тұнық суды толқын қылған қайғы-арман
Көк шыбық боп көктеп шықты сайлардан.
«Наутилиустан» – қайық шықты сүңгуір
Бетпақдала – «Жерұйыққа» айналды, ал:
Жүлде алдыңдар Жюль Вернмен екеуің
Қиялдардың жарысынан – майданнан!
Кеуде-қазан, қиял-ойды қайнат-ақ,
адасқанша арманшылды «қайғы» атап.
Ойға өшсің сен, өзің ойлай алмасаң
ойшыл жанға өшікпеп ең сен қашан –
Қараласаң басқаша бір айла тап!
Қоғамшыл деп қу қарынның құлдарын
Сен, сен талай тұнығымды былғадың.
Жетер, жетер!
Жеткізбейді ой-қиял:
Асан шықса аңыздан,
ақын шыққан арман-қиял-қайғыдан!
Ақын ата алдан тұрмыс күтті адал,
Ұқпаса жұрт – адалдықты ұқпаған.
Ей, Асанның ерке арманы, біт маған,
Сен үшін бір мақтанайын, мықты Адам.
Жал-құйрықсыз шұлғиды әлі құландар,
Қол-аяқсыз жылжиды әлі жыландар.
Өшті бірақ жаман тұрмыс жайлы елес,
Қайбір адам сөз бағады, қайғы емес,
Бүгінгі әнші салады тек тамсана ән,
тамсанам мен,
табынсам да – ән салам.
«Жерұйығын» тапты бүгін қанша адам, –
біздің қоғам, Асан сені аңсаған!
Асан сөзі қайғы емес-ті, арман-ды,
зарланса ата – арман қуып зарланды..
Томас Морға ескерткіш бар ең ұлы,
ал Асанға – азаматтың көңілі...
Адамдардың артты арманға сенімі,
Көрегеннің көкжиегі кеңіді.
Көреген жан арманшыл да болған шын,
толғанса шын – арманшылдар толғансын.
Көкірегі қайнап-қайнап толған шын,
Шын ақынның қайғысы да – арманшыл.
Арманшылға арнап мүсін соғарға
Сөз мәрмәрін тартты біреу толы арба.
Ескерткішке жүкті болып ең биік
Көктөбенің қарыны тұр шермиіп:
туар білем тас-мүсіннің өзін де
топырақ мықтап бір толғатқан кезінде...
1983