Апыл-ғұпыл аттандық.
Кешегі ізде шәуіш жапқан қақ қалды.
Түн пұшпағы ұйып қалған сай, жыра
шомып жатты әлденедей қайғыға.
Тас түбінен сылдыр етті бір тұма
Жарау аттар тізгін тартты жұлқына.
– Қасқыр шапты, – деді ағай – жылқыға!
Тақымдарды қысып-қысып жібердік,
ытып-ытып жөнелісті жараулы ат.
Бір қайқаңға шыға келдік,
Жарықтық
Күн де шықты алаулап.
– Айтақ, айтақ! – Айқай салды сонда ағам, –
Мұндай дауыс ғұмыры онда болмаған, –
Әй, оңбаған, – деді күйіп, – оңбаған!
Екі-үш бие бүйірлері бүлкілдеп
оқыранды, басылмапты шаң әлі:
екі-үш сұр ит, о, ант атқан, ант атқан,
арттарына қимай қарап, жалтақтап,
шоқырақтап қабақ асып барады.
Кісінеген шұрқыраған дауыстар,
Мойындарға жабысыпты жал құлап,
Түр-түсі адам айырғысыз алыстан,
Жабағы жүр шап терісі жалбырап.
– Айтақ, айтақ! – Ағай құрық үйіріп,
Қалың шөпке салар сын-ды шалғы-орақ.
Түгел жирен Шабдар айғыр үйірі,
тек жал-құйрық лай-тасқын, шабдар-ақ,
Қою жалы лай судай ақтарған,
Сұр ит кеткен бағытқа әлгі тұр беттеп
Шабдар айғыр,
Омырауынан аққан қан
тізесіне дірдектеп.
Шыңғырып бір кісінеуге жоқ әлі,
ердің ісін жасағанмен, ер үнін
бере алмады, жыбырлатты ерінін,
шарасыздан шағынғандай болады.
Бойында әл жоқ, дір-дір еткен әр түгін
дір-дір қағып күн сәулесі шарпыды.
Айғыр – шабдар,
Күн – шабдар
табысқандай шарпысулар арқылы...
Жығылыпты қамыс-үркек құлағы,
Күрескерде әрқашан да жара – жас,
Жас жарадан қан мен тері аралас
Сора-сора, сора-сора тұр ағып.
Әлем-тапырық болып кеткен түр-түсі
ерден ырғып түскен шақта жылқышы,
Шабдар айғыр тізесі әнтек бүгіліп,
Кинодағы артистердей әккі, сақ,
Не иесіне еркелеген ит құсап
Құлай кетті, мұрша бермей ұстауға.
Соғым сойған кезде көргем қыстауда,
Сонда айғырдың бауырынан бу атып,
Шұбар ала жуан ішектер түсті аунап.
Мал иесі басын сүйеп қараған
көзі түсті сонда сұмдық жараға:
– Жануар-ай! – Жіберді аға еңіреп –
Бүйткен өмір кетсін сенен садаға!
Бірер байтал желіп келді тепеңдеп,
таң қалғандай «бұ да жатады екен» деп;
үрейлі, үркек жанарлары ойлы, рас.
Сонсоң құйрықтарын бірер сипасып,
Әрі айналып қусақ – шөпке қойды бас.
Шабдар айғыр. Өлген жері осы алап –
Осылай деп еске алады Қошалақ.
Үйленерде кеңесімен шалдардың
Өлген жері.
Өлген жері емес ол,
қияқ өскен бір шоқыға сан бардым.
Кәдімгідей моласы бар демесең –
Өлгені емес, жеңген жері Шабдардың.
Жылқы десе – көз алдыма Шабдар айғыр келеді,
Мал дегенің орман болса,
Жылқы соның – Емені.
Жылқы десе – жаным майдай кілкіді,
бәлкім, бұ да мақтаныштың бір түрі?!
Өзің малсың дегім келед, жұлқынып,
Әлдебіреу мал атаса жылқыны.
«Айғыр үйір» атаймыз ғой елдің ескі салтымен,
Үйір емес, отан шығар айғыр үшін, бәлкім, ол?
Азаматы шығар айғыр,
Масқара,
Міндеті бар айғырлықтан басқа да –
Жерін қорғар ажалымен, антымен?!
1983