Қызыл бұзау арам қатты,
Терісін
сыпырып ап әжем желге кептіріп:
Қолдан бұзау жасап қойды қайтадан
теріге әлгі шөп тығып.
Неткен, неткен қаталдық:
Қызыл бұзау – қызыл тұлып атанды.
Көзі орнынан шөп көрінді сарғайып –
Шөпке тоймай өліп пе екен ол қасқа?!
Ал тағдырды қарғайық
тастай берік болу үшін болмасқа.
Тұлып деген – ойыншық па, басқа ма,
Сезім туды екі ұдай
егіз біткен шоқыдай.
Түк ұқпадым – қалың ойға малтып қап
Неткен, неткен масқара:
Жетектеуші ем момын-қызыл байғұсты,
тұрдым енді қолтықтап.
Тосын көрініс көңіл үшін тағы тым –
Кейін көрдім бір әкені қаладан
Қолтықтаған нәрестенің табытын.
Тек ол жолы...
Қызыл сиыр өрістен
Мөңіреп келді төрт емшегі шаншылып,
Шаншылғаны соншама
қойғандай ед әрқайсына қамшы іліп.
Сауыны асқан сиыр азан қағады,
Серпіп-серпіп тебінді артқы аяғын.
Қызыл-сәбиді аяп едім мен мана,
енді мына қызыл-ананы аядым.
Қызыл сиыр тұлыпты иіскеп,
Кенет бір
терілері жиырық қақты баурының.
Нықылықтап отырды әжем,
Шелектің
салдыратып баулығын.
Қызыл сиыр көзінде
Қызыл қасірет тұнып тұр –
Мөңіреген жоқ, ыңырсыды.
Қиыны:
иіскеп-иіскеп жіберді де тұлыпты
иіді.
Ақымақ мал екен, дедім, бұл шын-ақ,
Күйсеуші еді-ау екі езуі былшырап!
Ант етейін нан тістеп:
алданғанына ыза болдым тал түсте,
Мынау, дедім, неткен есер жұрт еді?
Қайтқан сайын өрістен
сол тұлыппен аңырап кеп көрісті ол;
Иіскелейді, түртеді,
ыңырсиды, көкірегі ұлып құр,
Жалпақ тілмен жалай-жалай берген соң,
тулақ болды түгі түсіп тұлыптың.
Кейін ұқтым пәлсафасын тірліктің,
Соңғы талшық ойдың нәрін жаңа алдым:
Алданғаны емес екен,
жоқтығы екен амалдың.
Жұбау тапты ел тұлыптарға мөңіреп,
бауырынан бала кеткен талай жан
шүкір айтып әр күн сайын он рет,
алданатын қара іздейді маңайдан.
Қара жерде қаза, мұңның көптігі –
Көңіл – жұбау талшық етсе бір атым,
Әжем тұлып жасағаны шөп тығып,
Қызыл сиырды алдау емес, жұбату,
Жұбатулар жаса, көңіл демеулер.
Бөркін иіскеп қаза болған ұлының
Қария отыр өзін алдап амалдап.
Жаңа шықтым сол үйден мен,
табанда
Мен де өзіңнің ұлыңмын ғой деп алдап...
Жылы сөздер жылытады бүйірді:
Өзім қиып ұмыт еткен күйімді
бір құрдасым мақтап отыр жандырып;
«Осы күйің өлмейді, – деп, – мәңгілік!»
Әдемі әзіл, шындыққа айнал лайым!
Медет етіп күллі әлемнің Күн, Айын,
Мен де саған бір жақсылық сұрайын!
Сенейінші саған,
Қабыл, ал, алдым –
аздығы емес ақылдың,
аздығынан амалдың
сенем саған, жасқа келдім біршама –
Сенем саған – талғамымыз бір сана.
Сенем саған: көп сөзіңнің көзінен
Шөп көрініп тұрса да.
1983