Сыңғырайды самалға алтын дәнді сары алқап,
Сары мұртты егінші сары алтындай сараң, сақ:
Сары тісіне салып тал түстегі дәнді ыстық,
Сары мұрттың астынан жымияды сарғыш қып.
Сары алқапқа сәскеде түскен сын-ды сары ымырт:
Егіні де – сары мұрт,
егінші де – сары мұрт.
Сары ала таң секілді ататұғын сарылып,
Егіншінің төсіне құлайды алқап сары мұрт.
Сары мұрттың сауғаны – әрі күдік, әрі үміт,
піскенінше сары дән сары қауыз жарылып:
Сары алқапты самал боп сипа, алақан дірілдеп –
Сауып жатқан жоқ па екен сары құрт боп бір індет?
Сары мүйізді алақан өбектейді жібек боп,
Әр масақты үгеді, үргілейді өбектеп,
Сары алқапты емес ол – айтар болсақ асыра –
Сәбиінің сары үрпек сипайтындай басынан.
О, махаббат! Жата ғап
Иран бағын жеті абат
Қанша мақта – оянбас әже-дәулет, ата-бақ,
Сары сабыр тұтпасаң сары алқаптай қаталап,
Қаталаған көңілді тастап кетер махаббат;
Жылы ойлап жүрекпен,
Жарытпассың жұтып ас
Жоғалса еңбек-махаббат,
Жоғалса еңбек-ықылас.
егіндіктен сары мұрт
егіншіден сары мұрт
Сары алқапқа тал түсте түсіп тұрар сары ымырт.
Сары комбайн келді, әне,
Уһі деді, сандала
Саулы інгендей желіні сыздап жатқан сар дала.
Сарқып берді сауымын сары саба – қамбаға,
Сабыр бітті қамбаға, ал, арбала, арбала!
Егіп едім мен де егін,
жылы қарап жерге күн –
бораздамнан бу шықты – жанар дедім еңбегім,
Сезім алдамайды екен:
Жап-жасыл ед кеше алап,
бүгін сарғыш тартыпты – құнарлы жер Қошалақ.
Қошалақ пен Алатау, аралығы – жер алшақ,
басын сипап әр дәннің жел жүгірді жарамсақ.
Алқабымды сол сарғыш саралап ем сараң, сақ,
сыңғыр қақты алқабым – бар масақтың бәрі ән сап.
Сыбдыр-сыбыр көбейді,
Сана-ақылың сырттап қап,
Сенсең кейде сезімге – сары уайым ұрттатпақ,
Сақал шықты сабырға, әр сөзіме сары мұрт
Сиыр-сәске кезінде түсіп қапты сары ымырт.
Балапан ең сары ауыз, оңға басар енді ісің
Сары – уайым түсі емес,
піскендіктің белгісі.
Кісі боппын сары тіс осы пиғыл, осы оймен,
Өзім екем десем мен – мезгіл екен есейген.
Сандалып кет сарғайсаң сабыр-шыдам бітіп қап,
Сарғыш тартса – санаңды сорып алар түтік тап.
Жез-мұрт жырым, кеш мені:
Бет-жүзіңді сипап ем,
сары мұртың білінді алақаным қытықтап...

1983